24-мамырда ойын-сауық кешені ғимаратының жанында жұмыс істеп жүрген екі баланың үстіне 3- қабаттан плита құлаған. Бір қызды үйінді астынан құрылысшылар шығарып алса, ұл баланы шығарып алу үшін қалалық құтқарушылар шақырылды. Қалалық құтқару қызметінің жетекшісі Андрей Касьяненконың айтуынша, бұл операция 20 минутқа созылған.
Екі оқушы да жарақат салдарынан оқиға орнында көз жұмды.
Мерт боған екі бала да 19 жаста. Ұл- Павлодарлық, ал қыз бала - Ақсу қаласының тұрғыны. Олар кәсіптік-техникалық мектепте көп салалы құрылысшы мамандығы бойынша оқып жүрген.
Павлодар облыстық мемлекеттік еңбек инспекциясынан хабарлағанындай, аталмыш дерек бойынша арнаулы комиссия құрылып, арнаулы тексеру жүргізілді. Қаза тапқандарды жерлеу рәсіміне байланысты тексеру жұмыстары 28-мамырға дейін шегерілген. Сондай-ақ, осынау қайғылы оқиға болған ЖШС-тің директоры да жүрек ақауына шалдығып ауруханаға түскен көрінеді.
Жалпы алғанда Павлодар облысында жыл басынан бері 6 адам өндірісте мерт болды.