- «Караван сарай» деп аталып кеткен бұл жерге қысы-жазы келушілердің қатары қалың. Бұл дәмханалардың кәуәбін жұрт сүйіп алады. Алайда, бір аптадан бері мұнда келушілердің қарасы азайған. Бұған мына белгі мен тәртіп сақшыларының ескертулері себеп болуда.
Юлия Рослякова мына дәмханада сегіз жылдан бері жұмыс істейді. Жалғызбасты әйел осы жерде тапқан наным ұлым екеумізге жетеді дейді. Алайда бір аптадан бері жалақысыз отыр.
Юлия Рослякова, даяшы:
- Бізді де қуып жатыр мына жерден. Қайда барып, қалай жұмыс істейміз сонда?Аяқ астынан жұмыссыз қалатын түрім бар.Отбасымды кім асырайды? Оны ойлап жатқан ешкім жоқ.
Дәл осындай он шақты дәмхана қала басшыларының қаһарына ілігіпті. Полицейлер мұндағы жолда жөндеу жұмыстарының жүргізілетін айтып, кафеге келушілерді орта жолдан қайтарып әлек. Бұған бір жұма шыдаған кәуәпшылар бүгін жолды жабуға шықты.
Галина Косичкова, кәсіпкер:
– Еш ескертусіз полицейлер осы жерде жиналып, келушілерімізді қуып жатыр. Тіпті, дәмханамның ішіне кіріп, адамдарға қоқан-лоқы көрсетуде.Бір аптадан бері осындай жағдай. Кесірінен жұмысымыз тоқтап, азық-түліктің бәрі бүлініп жатыр.
Осылайша шарқ ұрған жұртты мұнда келіп жеткен атқамінерлер сабырға шақырумен болды. Олар жердің кәуапшыларға басыбайлы емес, уақытша пайдалануға берілгенін түсіндіруге тырысты.
Асқар Әжмұрат, Павлодар аудандық әкімдігі аппаратының жетекшісі:
– Заңға сәйкес жол бойындағы нысандарасфальттан 50 метр қашықтықта орналасуы шарт. Бұл республикалық маңызы бар жол болғандықтан мұнда мемлекеттік бағдарлама бойынша жөндеу жұмыстары жүргізілмек.Кәсіпкерлерге басқа орын ұсынылды.
Қазір қалаға кірер жолды жөндеуге дайындық жұмыстары жүргізілуде. Жоспар бойынша бұл аумақтағы жұмыс бірнеше айда аяқталуы тиіс. Ал кәуапшылардың қала басшылығы ұсынған орында жұмыс істеуден басқа амалдары жоқ.
Loading...