Ілияс Құрманбаев қаңқасы ғана қалған мына көлігі үшін банкке 1 млн теңгеден асатын қарыз. Жолаушы тасып, күнін көріп жүрген ол енді несиені қалай төлерін білмейді.
Ілияс Құрманбаев, Павлодар қаласының тұрғыны:
-Қазір мен өзім түнде көшені күзетемін. Әлгі адамды табу керек, ол қаншама адамға жамандық жасады. Мұны бұлай қалдыруға болмайды. Полиция болса түк жасап жатқан жоқ.
Бұған дейін бұл ауладағы көліктерге бірінен кейін біріне бояу жағылып кеткен. Енді ол тыйылып, шетінен от қойылып жатыр. Былтырғы жәйттерді қосқанда 20-ға жуық машина жанып кетіпті. Бір қызығы олардың басым бөлігі Германияда шығарылған екен.
Элина Гандалоева, Павлодар қаласының тұрғыны:
– Бір ай бұрын түнде терезенің дәл алдында тұрған машинамыз жанып кетті. 2011 жылғы Мерседес. Өрт сөндірушілер жеткенше отты өшіруге тырыстық. Бірақ бұдан түк шықпады. Енді көлікті бөлшектеп сатудан басқа амал жоқ.
Бұл жағдайдан жергілікті полицейлер де хабардар. Алайда отты ойынға айналдырғандардың ізіне түсу оңайға соқпай тұр.
Баян Мағзұмова, Павлодар облысы ІІД баспасөз хатшысы:
-Соттық сараптамалар тағайындалып, соның нәтижесі бойынша жұмыстар жалғасып жатыр. Бұрын сотталған және психикалық аурулары бар адамдарды тексеріп шықты, бірақ та нәтижесі әлі жоқ.
Көліктерді өртеген қаскөйлер көше бойындағы бейнебақылау камераларына да түспей қалған. Ал темір тұлпарларын үй алдына қойып үйренген жұрт тәртіп сақшылары шарасыздық танытып отырғанда кезекшілік құрып ауланы өздері күзетпек.
Loading...