Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, кеше таңертең Коммерциялық банктің 35 жастағы күзетшісінің мәйіті табылған. Күзетшіні біреулер өзінің табельді қаруынан басынан атып өлтірген. Тәртіп сақшыларының ақпаратына сәйкес, банкке кіре беріс есік ашық болған. Алайда, алдын-ала мәліметке сәйкес, банктен ештеңе тоналмаған.
Ақпарат көзінің хабарлауынша, қарақшылық шабуыл жасалған күні банкте екі күзетші болған. Ұсталған күдікті оқиға болған кезде көрші бөлмеде болдым, атылған оқ дауысын естіген жоқпын, қайта келген кезде әріптесімнің мәйітін тауып алдым, дейді.
Ақпарат көзінің хабарлауынша, ұсталған күзетшіге ҚР қылмыстық іс жүргізу кодексінің кісі өлтіру жөніндегі 96-бабы, 1-тармағына сәйкес айып тағылды.
Бастапқыда тәртіп сақшылары күзетші өзін-өзі өлтірген болуы мүмкін деген жорамал айтқан, алайда, ол расталған жоқ. Банк қызметкерлерінің айтуынша, ол өзін-өзі өлтіруге бейім адам емес, әйелі мен баласы бар, толық отбасының отағасы болған, әріптестерімен болашақ жоспарларымен бөлісетін.
Сонымен бірге облыстық ішкі істер департаменті тергеу органдарындағы ақпарат көзінің Kazakhstan Today тілшісіне хабарлауынша, қаза тапқан күзетшінің денесінен көк дақтар табылған.
Қазір күзетші кикілжің салдарынан кісі қолынан қаза тапқан деген жорамал қарастырылуда.
Ал қолға түскен банк күзетшісі бұған дейін сотталған екен. "Күдікті көршілес Семей өңірінде туған, бұған дейін де қылмыстық жауапкершілікке тартылған",- дейді ақпарат көзі.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті