Павлодарда компания басшысы жұмысшылардың жалақысын төлемей қашып кеткен

-Жоспар бойынша құрылысы 2017 жылы аяқталуы тиіс Павлодар-Астана тас жолын салу ісі әзірге тоқтап тұр. Бұған бір топ кәсіпкердің тиісті ақшадан қағылуы себеп болуда.

Құрылысы 2013 жылы басталған бұл жолмен болашақта жұрт Елордаға 4 сағатта жететін болады. Республикалық жобаның құрылысына кіріскен мына азаматтар істерін орта жолда тастауға мәжбүр. Өйткені жарты жылдан бері еңбектері үшін көк тиын алмапты.

Жамбыл Бейсенбинов, көлік жүргізушісі:

-Бәріміздің де отбасымыз бар. Прокуратураға да бардық, сотқа да бердік. Олар Алматының мекемесі сонда барыңдар дейді. Павлодар қарамай тұрғанда, Алматы  қарай ма?

Осылайша жүргізушілер талай табалдырықты тоздырғанымен, ешкімнен жарытып жауап ала алмапты. Бастапқыда төлейміз деп сендірген «КазИнтерСтройПроект» компаниясы қарапайым жұмысшыларды былай қойғанда, жеке кәсіпкерлермен де байналыстарын үзген.

Александр Силков, жеке кәсіпкер:

–Жұмысшыларымызбен жолды салуға келістік. Компаниямен келісім-шартқа да отырдық. Ақшаны адал ниетпен төлейтініне сенген едік. Былтырдан бері тиісті ақшамызды бермей келеді.
 

Жалақыны қайтаруға жергілікті еңбек инспекциясы да қауқарсыз. Келісім-шарт талаптарын орындамаған компанияны іздеу біздің міндет емес деп жайбарақат отыр.

Марат Қабжамитов, Павлодар облысы еңбек басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

- Бұл  азаматтық-құқықтық қатынас, яғни тапсырыс беруші мен оны орындаушы арасындағы түсініспеушілік. Сондықтан мәселе өзара келіссөз арқылы немесе келісім-шарттағы талаптардың бұзылуына байланысты сот арқылы ғана шешіледі.

Жергілікті органдардан көңілі қалған жүргізушілер мен кәсіпкерлер қарасын батырған мердігер байланысқа шықпаса, енді Бас прокуратураға арызданбақшы.

Loading...