Қанды оқиғаның басы Ждановтың үйіндегі көңілді отырыстан басталған. Марқұмның үйіне келген қонақ келіншектің бірі телефонын даулап, полиция шақыртыпты. Тез жеткен тәртіп сақшалары Виталийді бөлімшеге сүйреген. Кейін жас жігіттің полицейлер қолынан өлгенін досы Вячеслав Граф жұртқа жария еткен еді.
Вячеслав Граф, В.Ждановтың досы:
- Оны бесінші қабаттан төртінші қабатқа дейін итеріп түсірді. Біреуі аямай тепті. Балағат сөздер айтты.
Кейін осы куәгердің өзі із-түзсіз жоғалды. Туыстарының айтынша, ол да полицейлер тарапынан қысым көрген. Ал басты айыпталушы Ержан Мәненов кінәсін сол күйі мойындаған жоқ.
Ержан Мәненов,сотталушы:
-Сараптама оның соққыдан қайтыс болғанын көрсетті. Бірақ маманның айтуынша, адамды соншалықты зақымдап, осындай күйге түсіру үшін оны бірнеше рет соғу аз. Сондай-ақ, оны кеудесінен ұру үшін бетпе-бет келуім керек еді. Ал мен артқы жағында болдым, куәгердің айтуынша да солай.
Дегенмен күрмеуі көп істі бір жылдай қараған құзырлы орган Виталийдің қазасына ауыр соққы себеп болғанын растады.Осы дәйектерді негізге алған қалалық сот криминалистика бөлімінде жұмыс істеген Ержан Мәненовті жалпы режимдегі колонияға 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесті. Тек үкімге марқұмның анасының көңілі толған жоқ.
Татьяна Жданова, В.Ждановтың анасы:
-Полицияның өздерінің қызметкерлерін қорғаштайтыны түсінікті. Өйткені оқиға болған бөлімшеде қаншама куәгер жүрген. Бірақ олар ештеңе көрмегендей кейіп танытты. Тек Ішкі істер министріне арызданғанда істі қарады. Ұлымнан айырылдым, 11-12 жастағы екі немерем әкесіз қалды.
-Ұрлық үшін ұсталған ер адамның бөлімшеде өздігінен құлап түскенін айтқан полицейлер сол кезде жедел жәрдем шақырған көрінеді. Алайда Ждановтор ұлының кенеттен қаза болғанына әлі күнге дейін сенбейтіндерін айтуда. Ал қамауға алынған тәртіп сақшысы енді сот үкімін бұздыру туралы шағым беретінін мәлімдеді.