Павлодарда лаңкестік әрекет туралы жалған ақпарат таратқан бозбала сотталды

2005-жылдың 18-наурыз күні лицей оқушысы Павлодар облыстық ІІБ-ның кезекші бөліміне телефон қоңырауын шалып, лицей ғимаратына жарылғыш зат орнатылғанын хабарлайды. Оқу орнындағы 300 -дей адам басқа жаққа шығарылып, оқиға орнына тәртіп сақшылары мен төтенше жағдайлар жөніндегі басқарма қызметкерлері келіп жетті. Артынан жарылғаш зат жоқ болып шықты.

Тәртіп сақшылары бозбаланың ұялы телефонмен қоңырау шалғанын анықтады. Ол үй тапсырмасына дайындала алмауға байланысты сабақты тоқтату ниетімен осындай әрекетке барғанын мәлімдеген.
31-мамырда лицейдің мәжіліс залында Палодардағы №2 қалалық соттың көшпелі мәжілісі өтті. Сот жасөспірімнің жасы, қылмысты мойындауы мен анасының жағдайын ескере отырып, ҚР Қылмыстық кодексінің 242-бабы бойынша екі жылға шартты түрде бас бостандығынан айыруға үкім шығарды.
Сот өкілдерінің хабарлауынша, жаза 10 күннен кейін күшіне енеді.
Жалпы алғанда Павлодар облысында жыл басынан бері лаңкестік әрекет туралы жалған ақпарат тарату оқиғасы 10 мәрте тіркелді.