Павлодарда өрт кезінде төртінші қабаттағы терезеден секіріп кеткен 21 жастағы қыз қайтыс болды

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, 12-қаңтарда Бейбітшілік көшесінің бойындағы 60/1 үйдегі жатақхананың төртінші қабатындағы бөлмелердің бірінде екі газ баллоны тұтанған. Бөлмеде тұратын 48 жастағы еркек пен оның 21 жастағы қызы терезеден секіріп кеткен. Соның салдарынан жарақаттанған олар бірінші қалалық ауруханаға жеткізілді.

Павлодар облыстық денсаулық сақтау департаментінен хабарлауынша, қыз бес күн бойы аса ауыр жағдайда аурухананың реанимация бөлімінде болған. Оған "жамбас сыну, омыртқасы орнынан таю, ішкі органдары үзілу және күйікке шалдығу" деген диагноз қойылды. Зардап шеккен қыз сонымен бірге біршама қансырап қалған. Ол 17-қаңтар күні 5 сағат 17 минутта дүние салды.
Қыздың әкесі қазір ауыр жағдайда ауруханада жатыр. Оның да омыртқасына зақым келіп, аяғы сынып, денесі мен тыныс мүшелері күйікке шалдыққан.
Павлодарда сөйтіп бір айда осымен газ жарылысының салдарынан екінші рет адамдар қаза тауып, жарақаттанды.
Кутузов көшесінің бойындағы 46/1 үйде 2004-жылдың желтоқсан айында болған газ жарылысынан кейін төрт адам қаза тауып, тоғыз адам жараланып, күйікке шалдықты.