Павлодарда қарулы қарақшылар екі адамды тонап, артынан өлтіріп тастады

Қылмыс өткен аптаның аяғында, Павлолар-Екібастұз автожолының бойынша шыққан. Павлодардағы бір жеке меншік кәсіпорынның 41 жастағы жүргізушісі мен 27 жастағы экспедиторы "MAN" автокөлігімен жүк алуға Қарағандыға жол тартқан. Жол үстінде көлікке қарақшылық шабуыл жасалып, ірі көлемдегі ақша қолды болып, жүргізуші мен экспедитор қаза тапты. Олардың мәйіті Қалқаман ауылынан 5 шақырым жерден табылды.

Шұғыл тергеу тобының анықтағанындай, адамдарды дәл бастарынан бытыралы мылтықпен атып өлтірген екен. Қылмыскерлер 2 млн. 133 мың теңгені қолды болдырды.
Павлодар облыстық ІІБ қылмыстық полициясы басқармасының бастығы Қанат Тағамбаевтың айтуынша, бүгінде полиция қылмысқа қатысты бірнеше жорамалды тексеруде. Қылмысқа қаза тапқандардың бір танысының қатысы болуы ықтимал. Полиция бұл дерекке қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің "кісі өлтіру" туралы 96-бабы бойынша қылмыстық іс қозғады. Қазір қылмыскерлер іздестіріліп жатыр.