Павлодарда қатаң тәртіптегі түрмеде театр ашылды

Қатаң тәртіптегі АП 162/4 мекемесінде бүгін премьера. Күзетпен әкелінген 700-ге жуық жазасын өтеуші түрмеде ашылған театрдың «Отбасы» атты алғашқы қойылымын тапжылмай тамашалауда. Спектаклдің кейбір көрінісі мұндағылардың өмірінен алынғандай. Сотқар бала, ішкілікке салынған ата-ана жайлы.

-Театрдың алғашқы қойылымын ойлап тапқан сотталушылар үшін бүгін ерекше күн. Өйткені, басты рөлдегі кейіпкерлерді темір торға тоғытылғандар сахнада өздері сомдауда. Сотталушылар қойылымның тәрбиелік мәні зор екенін айтуда.

 Пьесаның режиссері де, қоюшы суретшісі де бар. Барлық міндеттерді жазасын өтеушілер өзара бөлісіп алған. Бастапқыда әйел рөлін сомдауға ешбір сотталушы келіспеген. Ақыры өнер үшін көйлек киюге де көніпті мұндағы «актерлер».

Илья Шаповалов, спектакльдің қоюшы суретшісі:

-Көп актерлер бар. Қазір біз постановка қоямыз. Онда бес адам ойнайды. Күлкі жанры сияқты. Онда шеше, әке, бала, апай және атай болады.

Мекеме басшылығы екі актіден тұратын қойылымын безендіруге ғана көмектесіпті. Олар сюжеті мен мәтінін өзгертпегенін, тіпті балағат сөздерді де қалдырғандарын айтады.    


Ринат Құдабаев, АП 162/4 мекемесі бастығының орынбасары:

– Цензура болған жоқ.Сотталушылар жазған сценарийді тексергенде артық ештеңе болмады.Мұндағы әр азаматтың отбасы бар. Сондықтан бұл тақырып олардың жанына жақын. Біз тек ұйымдастыру жағынан көмектестік. Жазасын өтеушілер мекемедегі тігін шеберханасында өздеріне қажет костюмдерді тіктіреді.

Сотталған азаматтар алдағы уақытта қоғамдағы басқа да өзекті мәселелерді көтермек. Сондай-ақ, күзде мекеме қызметкерлерімен бірге музыкалық пьеса қоюды жоспарлап отыр.

Loading...