Сенбі күні Екібастұз көрермендерін қуантқан театр әртістері кеше Павлодарда болды. Жергілікті өнерсүйер қауым Ғ. Мүсіреповтың «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» қойылымын тамашалады.
Солтүстік өңірдің халқы бірнеше күннен бері театр өнеріне сусындап жатыр. Петропавлды артқа тастаған Алматының театр ұжымы Павлодарға да ат басын бұрды. Өнерін ел сүйетін Лидия Кәденова да бұл өңірге араға 40 жыл уақыт салып келіп отыр. Театр десе, ішкен асын жерге қоятын қауымға «Келіндер көтерілісін» алып келген.
- «Келіннің бетін кім ашса, сол ыстық» дегендей театрға келгенде ең алғаш гастролім осы жақ болғаннан кейін маған қымбат. Бүгін «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» болса, ертең - «Келіндер көтерілісі». Әрі қарай М. Мақатаев ағамызға арналған сол кісінің өлеңінен қойылған композиция, спектакль бар, - деді ҚР еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет» орденінің иегері Лидия Кәден.
Балалар мен жасөспірімдер театрында 70-ке жуық әртіс еңбек етеді. Көбі - жастар. Елге танымал кино, театр әртістері жергілікті халыққа бірнеше қойылым әзірлеп әкелген. Балаларға арналған «Ер көжек» музыкалық ертегісі де бар.
- Өздерінің өнерін ұштастырып, көп жастар келіп отыр. Бізде енді, ұжымымыздың басым көпшілігі - жастар. Сондықтан бүгінгі репертуарымызда осы үлкен кісілердің қатарында бұл кісілермен өнерін ұштастырып, дарынды, айбынды жастарымыз келіп отыр. Сол кісілер өнерлерін паш етпекші, деді ҚР еңбек сіңірген қайраткері, театрдың көркемдік жетекшісі Ерлан Біләлов.
Ж.Аймауытов атындағы Қазақ музыкалық драма театрында «Қозы мен Баянды» көрген көрермен енді бүгін, 29 қыркүйек күні «Келіндер көтерілісін» тамашалайды.