Павлодарда құлаққап киген оқушыны пойыз қағып кетті

Бұл туралы pavlodarnews.kz хабарлайды. 

Куәгерлердің айтуынша, ұл бала құлаққап киіп алып, жаяу жүргіншілер өтетін жолдың реттелмейтін тұсынан, Хромзауыт ауданындағы соңғы аялдаманың жанында өтіп бара жатқан. Сол сәтте бұрылыстан «Павлодар - Астана» бағытындағы электр пойызы шыға келген. Соққы салдарынан бала шетке құлап, жолдардың арасына түскен. Абырой болғанда, тірі қалған.

«Ол жедел жәрдем арқылы 17 наурыз күні біздің ауруханаға сағат 15.30-да жеткізілді. Жасөспірімнің бас миы жарақат алып, алақан және бет сүйектері сынған. Қазіргі таңда жарақат бөлімінде нейрохирург дәрігердің бақылауында», - дейді облыстық балалар ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Ирина Орсагош.

Дәрігерлердің айтуынша, баланың жағдайы орташа ауыр деңгейде. Баланың өміріне қауіп төніп тұрған жоқ.


Оқи отырыңыз:

Алматыда бір әйел абайсызда жүк пойызының астына түсіп кетті

Алматы облысында жолаушылар пойызының машинисі бір адамды қағып кетті