Павлодарда құрылысы бітпей қалған түрме коммерциялық мақсатта пайдалануға берілетін болды

Павлодарда өмір бойы бас бостандығынан айырылғандарға арнап салынып жатқан түрме облыс меншігіне беріледі және алдағы уақытта ол коммерциялық мақсатта пайдаланылмақ. Бұл туралы ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті төрағасының орынбасары Жанат Кешубаев мәлім етті.


           «Павлодар облысының әкімі құрылыс нысанын коммерциялық мақсатта пайдалану үшін облыс меншігіне алуға қарсы емес», - деді ол дүйсенбі күнгі брифингте.
           Алайда, Ж.Кешубаев ғимараттың қандай мақсаттарға пайдаланылатынын айтқан жоқ.
           «Қалай пайдалану жағын әкімнің өзі біледі», - деді ол.
           Оның айтуынша, «қажеттілік болмағандықтан түрме құрылысы тоқтатылған» көрінеді.
           «Құрылысты жалғастырмаймыз. Құрылыс басталған кезде өмір бойы бас бостандығынан айырылғандарға арналған түрме 1500 орындық болады деп жоспарланған-ды. Болжам шындықтан алшақ болып шықты. Қазір бізде 110 адам өмір бойы еркінен айырылған. Сондықтан түрме құрылысын жалғастырудың қажеті жоқ», - деді Ж.Кешубаев.