Павлодарда сәбиін үйде жалғыз қалдырған ана заң алдында жауап береді

Павлодарда сәбиін үйде жалғыз қалдырып кеткен ана жауапқа тартылады, деп хабарлайды Baq.kz агенттігінің өңірдегі тілшісі.

Сәбидің жылаған даусын естіген көршілер бірден полицияға хабар берген. Павлодар облыстық ішкі істер департаменті жергілікті полиция қызметіне қарасты ювеналды полиция бөлімінің бастығы Бибігүл Қамзинаның айтуынша, оқиға түнгі уақытта болған.

«Бала осы жылдың 21 мамырында дүниеге келген. Қырағы көршілер тәртіп сақшыларына хабарласқан», - дейді Бибігүл Қамзина.

Полицейлер сәбиді алдымен Павлодардағы перинаталдық орталыққа апарған. Бұдан соң нәрестенің денсаулығын тексеру үшін облыстық балалар ауруханасына жеткізген. Дәрігерлердің айтуынша, сәбидің денсаулығы жақсы, жақын арада Балалар үйіне жеткізілмек.

Облыстық ІІД баспасөз қызметінен хабарлағандай, баланың анасы табылған. Ол Павлодар қаласының 32 жастағы тұрғыны болып шықты.

«Келіншек шұғыл шаруалары шығып қалып, баласын үйде жалғыз қалдыруға мәжбүр болыпты. Бұл дерек негізінде баланы тәрбиелеу бойынша міндеттерін орындамағаны үшін әкімшілік материал әзірленді. Баласына салғырт қараған әйелге жеті АЕК мөлшерінде айыппұл салынуы мүмкін. Анаға қатысты материал кәмелеттік жасқа толмағандар ісі жөніндегі облыстық полицияның қарауына жолданады. Комиссия шешімімен 32 жастағы әйелдің ата-ана құқығына шектеу қойылуы мүмкін», - деп хабарлады баспасөз қызметінен.


Тәртіп сақшыларының айтуынша, әйел сәбиін жалғыз тәрбиелеп жатыр. Ішімдікке салынған кездері де болған.

Еске сала кетсек, біршама уақыт бұрын Павлодарда көпқабатты үйдің ауласынан 4-5 айлық шарана табылған еді. Безбүйрек анаға іздеу салынған болатын. Шарана полиэтилен пакетке оралған күйі жатқан.