Облыстық кітапханада режиссерге арналған «Ұлттық өнерді асқақтатқан» деген көрме қойылды. Экспозицияда оның өмірі мен шығармашылығы туралы жүзден астам кітап, альбом, журнал мен электронды басылымдар бар. Сондай-ақ «Шәкен Аймановтың кинофильмдерінен әндер» атты ән кеші өтті. Қазақстан көрермендерінің сүйікті әрі танымал киноленталарына айналған «Біздің сүйікті дәрігер», «Тақиялы періште», «Алдар Көсе» фильмдерінен әуендер шырқалды.
Ай соңына дейін кітапханада Айманов түсірген кинофильмдерді таныстыратын кинолекторий жұмыс істейді.
Қазақ киносының алғашқы режиссерінің жүзжылдығын қала тұрғындары Достық үйінде атап өтті. Шығармашылық кеш Ш.Аймановтың кинематографиялық және әртістік талантына тәнті болғандардың басын қосты. Айта кетерлігі, режиссердің есімімен кинотеатр берілген. Бұған қоса, оған арналған Бұқар жырау атындағы облыстық әдебиет және өнер мұражайында тұрақты экспозиция бар. Онда режиссердің жеке заттары, фотосуреттері мен құжаттары бар.
Сонымен бірге, жыл сайын режиссердің туған жері Баянауылда «Шәкен жұлдыздары» фестивалі дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Оған танымал қазақстандық әртістер мен музыканттар қатысады.