Павлодарда шенеуніктер жетімдерге тиесілі пәтерлерді тартып алды

27 жастағы Гүлнар Арыспаева – балалар үйінің түлегі.Сегіз жыл бұрын интернаттан кеткен ол табылған жұмысты істеп, пәтер жалдап жүр. Ал бірге тұрған азаматы жүкті екенін естіген соң табанын жалтыратыпты.

Гүлнар Арыспаева, Павлодар қаласының тұрғыны:

-Қазір танысымның баласын бағып, соның үйін паналап отырмын. Ай-күнім жақындап келеді. Босанғаннан кейін қайда баратынымды білмеймін.

Ата-анасынан ерте айырылған Әсел Асқарова да сегіз жылдан бері пәтер кезегінде тұр. Бірақ оның жылжитын түрі жоқ. Жоғарғы оқу орнын тәмамдаған жас маман қазір мектепте ән-күйден сабақ береді. Мұғалімнің мардымсыз еңбекақысы пәтер ақысынан асқан емес.

Әсел Асқарова, Павлодар қаласының тұрғыны:

-Үш жыл пәтер береміз деп келеді.Әлі берілген жоқ.Мысалы менің кезегім артқа қарай жылжып барады. Алға емес, артқа қарай. 928-ші боп тұрдым неше жыл. Енді биыл барсам артқа қарай жылжып кеттім.

Осылайша сандалған 70 жетім арманға айналған мына үйдің маңында жиі жиналады. Бірақ ол да енді үйлері апатты деп танылғандарға үлестірілмекші.

Асқар Ғазизов, Павлодар қаласы әкімінің баспасөз хатшысы:

- Жетімдердің әлеуметтiк жағдайы нашар азаматтардың қатарында екенін білеміз. Бірақ дәл қазір оларды жаңа салынған үйлерге кіргізу мүмкін емес. Мұнда апатты жағдайдағы үйлерде тұрып жатқан «Алюминстрой» ықшамауданының тұрғындары кіргізіледі.

Жұрттың қауіпсіздігі үшін осындай қадамға барғандарын айтып түсіндірген атқамінерлер «Алюминстрой» ықшамауданындағы тозығы жеткен саман үйлерді биыл бұзып, орнына жаңа үйлерді салуды жоспарлап қойдық дейді. Ал бұған иланбаған жетімдер мәселені енді сот арқылы шешпекші.Ол үшін тиісті құжаттарын жинап прокуратураға шағым да түсірген. 

Loading...