Павлодарда шенеуніктердің шалалығы жүздеген отбасыны сусыз қалдырды

Әсем Абылова биыл сәуір айында баспаналы болғандардың бірі. Алайда, бұл қуаныштары ұзаққа созылмапты. Пәтерлері орналасқан мына жаңа үйде құрылыс кемшіліктерін былай қойғанда жарты жылдан бері тастай су ғана келіп тұр.

Әсем Абылова, Павлодар қаласының тұрғыны:

-Қазір дала да суық, жылу жоқ. Екі баламен міне осылай ыстық суды жылытамыз. Жағдай жоқ.

Биыл ғана жаңа қоныстың кілтіне ие болған осындай жүзден аса отбасы жаз бойы ыстық сусыз отырған. Жұрт енді жылу мәселесіне алаңдаулы. Қалада жылу маусымы кеше басталғанымен, бұл үйдің құбырын келіп қозғап көрген ешкім жоқ.

-Тұрғындар мына жерде арнайы сорғыштардың бастапқыда болғандығын айтады. Алайда, белгісіз себептермен бұл құрылғылар шешеліп тасталған. 25-ші қыркүйектен бастап павлодарлықтар үшін жылу беру маусымы басталса, бұл үйдің тұрғындары үшін ыстық су да, жылу да арман болып қалмақ.

Жұрт жағдайын айтып, ала жаз бойы әкімдік табалдырығын тоздырған. Алайда шенділер құрғақ уәдені үйіп-төккенімен, еш шара қолданбапты.

Күләнуар Қойшыбаева, Павлодар қаласының тұрғыны:


-«Жаңа үй» деген аты ғана. Ешқандай жағдай жоқ. Барлығы көз бояушылықпенен жасалған. 21-ғасырда сусыз отыру масқара емес пе? Жуынбағаннан кейін адам баласы әртүрлі ауруларға да ұшырайды.Балаларымыз үшін алаңдаймыз.

Атқамінерлер болса тұрғындардың алаңдауына себеп жоқ деп селқос отыр. Үйді салған мердігер ұйым мен өзге де мекемелермен жылу жүйесінде кеткен кемшіліктерді қайта жөндеу бойынша келісіп те қойыпты.

Ержан Асылбаев, Павлодар қалалық құрылыс бөлімі басшысының орынбасары:

-Бұл үйде қыста ыстық су мен жылу болды. Оны ешкім өшірген жоқ. Тек жылуды қабылдау жүйесі дұрыс берілмей келген. Сондықтан оны жылу беру маусымына дейін қайта тексеріп,жөндеуге алдық. Үлгеруге тиіспіз.

Шенеуніктер осылайша тұрғын үйдің жертөлесіндегі жылу жүйесі құрылғыларының талапқа сай орнатылатынын жеткізді. Алдағы екі аптада тұрғындардың жайлылығы үшін барлық жағдай жасалады деп сөз берді. Ал әзірге жылусыз отырғандардың осы уәдеге тағы сенуден басқа амалы жоқ.