Павлодарда Шешенстандағы әскери қақтығыстарға қатысқан адам героин партиясымен ұсталды

Күдікті өткен түні есірткі саудасымен күрес басқармасының қызметкерлері мен облыстық ІІД-нің шұғыл әрекет етуші арнаулы тобының жауынгерлері бірлесе өткізген шара барысында "Екінші Павлодар" атты жай үйлер ауданында ұсталды. "Тұтқындау сәтінде ол қарсылық көрсетуге әрекет жасады", дейді тәртіп сақшылары. Тінту барысында Шешенстанның Ачхой-Мартан ауданының 31 жастағы тұрғыны Солях Гермихановтан оперативтік қызметкерлер сұрғылт-қоңыр түсті зат салынған 22 бума тапты. Сараптама қорытындысы көрсеткендей, тәркіленген зат салмағы 23 грамм ауған текті героин болып шықты.

ІІД-нің ақпаратына сәйкес, С.Гермиханов республика аумағына мемлекеттік шекарадан өтіп келмеген. "Оның Қазақстан аумағына заңды келгенін дәлелдейтін ешбір құжаты болмай шықты. Ол көші-қон полициясында тіркелмеген",- деп хабарлайды департамент.

Тұтқын Ресей аумағындағы әскери қақтығыстарға қатысқан, деп хабарлайды ДВД. "Дала командирі Магомед Хадуевтың басқаруымен ол екі шешен соғысын да басынан өткерген",- дейді полиция.

С.Гермихановтың ұсталу дерегіне байланысты бүгін павлодарлық тәртіп сақшылары РФ ІІМ-іне ресми хабарлама мен күдіктінің досьесіне сұраныс жолдады.

Бұл Павлодар облысында Шешенстандағы әскери қақтығыстарға қатысқан адамның ұсталуына қатысты осымен екінші дерек. 30-қыркүйекте Екібастұзда Шешенстанның Ачхой-Мартан ауданының Самашки ауылында қарақшылық шабуыл жасаған деген айып тағылған РФ Волгоград облысы Осиновка ауылының 31 жастағы тумасы Уваис Садыков ұсталған болатын.


Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті