Павлодарда Сирия аумағында террористік қызметпен айналысқан төрт күдіктіге қатысты сот процесі басталды

Сот баспасөз қызметінің хабарлауынша, Екібастұз қаласында тұратын күдіктілер түрік-сирия шекарасын заңсыз кесіп өтіп, жауынгерлер даярлайтын орталыққа барған.

«Олар соғысқа интернеттегі бейне роликтерді көргеннен кейін аттанған көрінеді. Тіпті, балалары мен әйелдерін де сол жаққа көшіріп әкетпек болыпты», - делінген хабарламада.

Күдіктілердің екеуіне терроризмді насихаттады және террорлық топ құрып, оған жетекшілік етті деген айып тағылды. Екеуі террористерді қаржыландырды деп айыпталып отыр.

Судья процесті бейнекамераларға түсіруге тыйым салуды сұраған сотталушылардың өтінішін қанағаттандырды. Ал, прокурордың құпия мәліметтер айтылатын сот отырысын жабық жағдайда өткізу туралы өтінішхаты қанағаттандырылған жоқ.