Павлодарда сот 12 жыл бұрын кісі өлтірген еркекті 5 жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарды

Құқық қорғау органдарының мәліметтеріне сүйенсек, 1995 жылы полицейлер облыс орталығында, Пионерлер мен оқушылар сарайының спорт кешені маңынан тұрғылықты жері жоқ адамның мәйітін тапқан болатын. Сол кезде аталмыш дерек бойынша Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 88-бабының 2-тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Полицейлердің хабарлауынша, үстіміздегі жылдың 14-тамызында Атыраудың полиция бөліміне қаладағы техникалық қызмет көрсету орындарының бірінде жұмыс істейтін еркек жүгінген. Ол Павлодарда 12 жыл бұрын кісі өлтіргендігін мойындаған.

"Оның айтуынша, 1995 жылдың 31-қаңтарында сол кезде 20 жастағы жігіт қонаққа бармақ болған. Ол белгісіз бір еркекпен ерегесіп қалған. Тұрғылықты жері жоқ пышақ алып шыққан, пышақ төбелес барысында жігіттің қолына түскен, сөйтіп жігіт қарсыласына пышақ сұғып алған. Адам өлтіргенін түсінген ол қашып кеткен",- деп хабарлады Павлодар облысының Ішкі істер департаментінің криминалдық полиция басқармасының жеке тұлғаға қарсы қылмыстарды ашу бөлімінің бастығы Қабиден Қозғамбаев.

Полицейлердің хабарлауынша, 12 жылдан кейін өз кінәсін мойындап келу дерегі мекеме жұмысында бүгінге дейін болмаған. "Кінәсін мойындап келген жігіт қызметкерлердің істі сотқа тезірек жіберуін өтінген, себебі өлген адам оның түсіне кіріп, жазалануын талап ететін болған",- деп хабарлады құқық қорғаушылар.


Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Казахстан Сегодня» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті