Павлодарда тамақтан уланып ауруханаға түскендер саны 206 адамға жетті, олардың 65-сі балалар

Департамент мәліметі бойынша, зардап шеккен 111 адамға қойылған "сальмонеллез" деген диагноз зертханалық жолмен дәлелденді.

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, Павлодар қалалық жұқпалы аурулар ауруханасына тағамнан уланған алғашқы адам 28-қарашада жатқызылған. Павлодардағы Крупская көшесі, 76-үйде орналасқан кондитерлік цехта өндірілген тәтті тоқаш өнімдерін тұтыну адамдарды жаппай улануға апарып соқты.
Зардап шеккен соңғы 22 адам Павлодар қалалық жұқпалы аурулар ауруханасына 4-желтоқсанда жатқызылды. Бұлар Ақсу қаласы, Шербақты және Май аудандарының тұрғындары.
Қазіргі жағдаймен ауруханада жатқан Павлодар мен Павлодар аудандық және Качир аудандық жұқпалы аурулар ауруханасында жатқан науқастардың жағдайы орташа деп бағалануда, ауыр науқастар жоқ. Павлодардағы ауруханадан 67 адам айығып шықты.
Павлодар облыстық санэпидбақылау департаментіндегілердің пайымдауынша, дерттің беті қайтқан секілді. Өткен тәулікте тәтті тоқаштан уланған адамдар ауруханаға түскен жоқ.