Павлодарда тоққа түсіп өлім аузында жатқан баланың әкесі энергетиктерді сотқа бермек

Түс ауа тоққа түсіп, сеспей қата жаздаған Ерғанат кеше түнгі бірлер шамасында Баянауылдан Павлодарға жеткізілді. Денесінің сау жері жоқ. Тоқ жамбас сүйектеріне дейін өтіп кеткен. Дәрігерлер енді жансызданып қалған сол қолын шынтағына дейін кесіп тастамақшы. Ал ата-анасы бұған энергетиктер мен мектеп әкімшілігін кінәлап отыр.

Байдүйсен Ақмолдин, күйік шалған баланың әкесі:

-Өмір бақи шарбақ жабылмаған. Дөкөй трансформатор,ондық. Өмірі шарбақ жабылған жоқ, мектептің ауласында, онда балалар ойнайды. Және де ана мұғалім, тәрбиешілерінен де көремін. Олар балаларды ерте қоя береді. Ешқайсысы қарамайды.

Мұғалімдер мектептің сыртында орналасқан подстанцияны қоршауды өтініп, тиісті мекемеге хат жолдапты. Бірақ, жауапты монополисттер мәселені шешуге құлық танытпай отырған көрінеді.

Асқар Шөмшеков, «Павлодар энерго» АҚ бөлім басшысы:


-Энергетиктердің бұл жағдайда ешқандай кінәсі жоқ. Себебі, темір қаптама түгелдей жабық болған. Дегенмен, ата-анасынан өтініш түссе, оның емделуіне қаржы бөлуді қарастырамыз.

Байдүйсен Ақмолдин енді жай ғана жазаға тартуды талап етумен шектелмей, бесіктен белі шықпай мүгедек болып қалған баласының еміне өтемақы өндіріп алмақ. Дәрігерлердің кішкентай Ерғанатқа әлі талай операция қажет деп айтқанын ескерсек, шығынның да аз болмайтыны анық.

-7 жасар Ерғанат жасырынбақ ойнап жүріп, осындай трансформатордың астыңғы қуысына тығылған. Қолы сымға тигенде 10 мың вольттық кернеу талдырып түсіріпті. Айта кететін жайт, былтыр ұқсас жағдай орын алып, қаршадай бала мүгедек болып қалған-ды. Ол кезде энергетиктер жапа шеккен отбасыға қаржылай көмек көрсетіп тұруды уәде еткен.