Павлодарда үйге соғылған көлік ұйықтап жатқан нәрестені жазым қыла жаздады


Асыл Кәбенова, Павлодар қаласының тұрғыны:

- Мен қақпаны ашсам, мына машина дәл үйіме жүйткіп келеді. Ал балам мына терезенің жанындағы төсекте ұйықтап жатқан. Одан басқа үйде тағы 7 балам болған. Жан ұшыра үйге жүгірдім.

Абырой болғанда, бүлдіршіндердің шошып қалғаны болмаса, ешқайсысы жарақаттанған жоқ. Ал куәгерлердің айтуынша, апатты болдырмау мүмкін еді. Тар жолда бұрылмақ болған Аудиге бар жылдамдықпен Мерседес көлігі соғылған. Салдарынан көліктің бірі тротуарға шығып кетсе, екіншісі жер үйге барып бір-ақ тірелген. Екпіні бұдан сәл күштірек болғанда, қабырғаны опырып түсіріп, төсегінде ұйықтап жатқан 8 айлық баланы жазым қылар еді.  Ал еш жеріне зақым келмеген қос жүргізушінің де жол апатына кінәлі екендігі анықталды. Ауди иесі жол бермеген, ал Мерседес жүргізушісі есірткі тұтынып, тізгінге отырған.