Павлодарда волейболдан Жоғарғы лиганың А тобындағы ерлер командалары арасында ел чемпионатының 2-туры болады

Алғашқы тур бұған дейін 9-15 қарашада Алматыда өткен болатын. Онда барлық қарсыластарын ойсырата ұтқан Шымкент қаласының «ОҚМУ-Қазығұрт» 21 ұпаймен турнир кестесінде көш бастаған еді. Оларға 3:0 есебімен есе жіберген Астана қаласының "Ұшқын-Искра" командасы 17 ұпаймен 2-ші орынға шықты. Ал 13 ұпайы бар Павлодар облысының «Ертіс- АО АҚ» мен Орал қаласының "Жайық-Конденсат" командалары және 11 ұпайы бар Қызылжардың "Есіл-Викториясы" үздік бестіктің қатарынан орын тепті. Ал алматылықтардың "ҚазҰАУ" мен "ЦСКА" командалары араға атыраулық ("Атырау-2") волейболшыларды салып 6, 8 орындарға табан тіреген болатын.

2-тур енді көшбасшы мен турнир кестесін түйіндеуші "ОҚМУ-Қазығұрт" пен "ЦСКА" командалары арасындағы ойынмен басталады. Алғашқы ойын күні сондай-ақ, "Ұшқын-Искра" мен "Атырау-2", "Жайық-Конденсат" пен ""ҚазҰАУ", "Ертіс-АО АҚ" пен "Есіл-Виктория" кездесетін болады. Ал Павлодардағы бұл сайыс 10 желтоқсанда жарыс қожайындары мен алматылық "ЦСКА" арасындағы ойынмен түйінделмек.