Павлодарда жаңа үлгідегі вагондар жасауды қолға алмақ

Жаңа жоба техникалық сынақтан сәтті өтті. Бүгінде өндіріс ошағы нарық сұранысына cай өнім түрлерін жасауға көшкен. Қазір зауытта жетілдірілген өнімнің тағы екі түрі сынақтан өткізіліп жатыр. Қазақстанның вагон жасау зауытының келешегі зор. Бастапқыда жұмысын қарапайым жүк тасымалдайтын жартылай вагондардан бастаған зауыт жаңа өндірістік желілерді іске қосып отыр. Осы жылдың ішінде жабық вагондар, ал 2016 жылы фитингті платформалармен цистерналар шығарылады. Бұл өндірістің кірісін 70-80%-ға арттырады және Қазақстандық нарықты отандық өніммен 100% қамтуға мүмкіндік береді.

 Өткен жылы зауыт еңбеккерлері жабық үлгідегі бүтін металдан жасалған вагон құрастырды. Санкт-Петерборда сынақтан өтіп жатқан үлгіге сәйкестік сертификаты берілген соң өндіріске жол тартады. Кәсіпорын 12-9998 үлгісіндегі жабық вагондардың жиынтық құжаттарын дайындауға 100 миллион теңгедей  инвестиция салған. Сонымен қатар контейнерге тиелген жүкті тасымалдауға арналған фитингті платформалы вагондардың үлгісін жасау ісін де жүргізген. Өткен жылы зауытта жартылай жүк вагондарының 1500 данасы жасалыпты. Одан түскен кіріс көлемі шамамен 60 миллион теңгеге жеткен.

Атап өтерлік жәйт, вагон жасау өндірісіне қажет материалдардың дені өз елімізде шығарылады. Зауыт келесі кезекте теміржол цистерналарын шығаратын желіні іске қоспақ. Осылайша, «Қазақстанның вагон жасау компаниясы» ЖШС отандық теміржол саласының сұранысын толығымен қамтамасыз етуді межеге алып отыр, деп хабарлайды 24.kz.