Павлодарда жантүршігерлік жол апаты болды

Мына кадрларда қатты жылдамдықпен жүйіткіген көліктің жолдан өтіп бара жатқан үш адамды қағып кеткені анық көрінеді. Соңында келе жатқан тағы бір машинаның иесі осы апаттан шошынды ма, әйтеуір тоқтаған түр танытты. Ал бағдаршамның қызылы жанып тұрғанын елемеген Ланд Крузер үш адамды қаққан күйде, кете барды.

Баян Мағзұмова, Павлодар облысы ІІД-нің баспасөз хатшысы:

-Ол сағат түнгі бірдің шамасында Павлодар қаласында үш жолаушыны қаққан. Соның салдарынан екі жолаушы сол жерде көз жұмды, үшіншісі ауруханаға жеткізілді.

-Дәл мына Кутузов-Шөкин көшелері қиылысында Тойота Ленд-Крузер үш жаяу жүргіншіні қағып кетіп, ізін суытқан. Алайда, таң ата ащы суға тойып алған жүргізуші мен оның жанындағы көлік иесі қолға түсіп, қамауға алынды. Қазір олардың үстінен үш  бап  бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Ал орталық көшелердің қиылысында жолдан өтпекші болған үш азамат қатты соққыдан 50 метрге дейін ұшып түскен. Ер адам мен әйел осы жерде тіл тартпай кетті. Тағы біреуі ауруханаға жеткізіліпті. Ақ халаттылар қолдан келгендерін жасаса да, оны да ажалдан арашалап қала алмады.


Бауыржан Ерғазинов, ортопед-дәрігер:

-Жол апатынан әйел түсті, шамасы 51 жаста.Сүйектері, бас сүйегі, қабырғасы сынған. Ішкі құрылсы зақымданды.   Бірақ, жарақат күрделі болғандықтан  науқас қаза болды.

Түнде ғана үш адам бақилық болған мына көше қиылыстарында бүгін әдеттегі көрініс жалғасуда. Тек қан іздері ғана көзге түседі. Ал апаттан қаза тапқандардың аты-жөндері әлі анықталған жоқ.