Араларында кәмелеттік жасқа жетпеген балалар да бар 19 Өзбекстан азаматы Павлодарға 13-шілдеде келіпті. Олар жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан институт ғимаратында тұрып жатқан. Облыстық көші-қон полициясы басқармасындағылардың айтуынша, мигранттар тазалық талаптарына сай келмейтін жағдайда тұрған. Ал институт Өзбекстандық азаматтарды жұмыс күші ретінде тартуға рұқсат алмаған.
Келушілер болса, Павлодарда уақытша тұруға ресми құжат рәсімдеуді институт басшылығы өз мойнына алғандықтан, құжаттарды соған бердік дейді.
Облыстық көші-қон полициясындағылар "ПКТИАМ" институтының басшылығы жұмыс күшін тарту үшін еңбек департаментінің рұқсатын алуға мүлдем ниеті болмаған деген болжам айтады. Өйткені, Өзбекстан азаматтары арзан жұмыс күшіне саналады.
Сөйтіп, заңсыз мигранттар әкімшілік жауапкершілікке тартылмақшы. Олардың әрбіреуіне ең төменгі 10 есепті көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады. Сондай-ақ, "ПКТИАМ" институты АҚ-ның басшылығы да әкімшілік жауапкершілікке тартылады.
Қазір мигранттардың Павлодарда қалу мүмкіндіктері қарастырылуда.