Әскери тергеу бөлімінің ақпаратына сәйкес, 19 жастағы жауынгер №25 түзету мекемесінің күзетінде тұрған. 7-тамыз күні түнде ол қызмет бабына сәйкес берілген 20 оғы бар қаруын асынып, жұмыс орнын тастап, қала шетіне шығып кеткен. Қашқынды ұстау үшін Павлодар облысы бойынша "Сирена" операциясы жарияланды.
Полиция қызметкерлері әскерді 8-тамыз күні 15 сағатта Старая Черноярка ауылының маңында қолға түсірді. Әскери тергеу бөлімінен хабарлағанындай, әскер осы ауылдағы үйлердің біріне барып, тамақ сұраған. Бұдан кейін үй қожайынының ұлымен бірге соның көлігімен өз еркімен қолға түсу үшін Павлодарға бет алған жерінен ұсталды.
Қазір қашқын ҚР ІІМ-нің Павлодар гарнизоны бойынша әскери-тергеу бөлімінде қамауда отыр. "Әзірге іс материалдары алдын-ала тексерілуде. Бұдан кейін психиатриялық сараптама өткізіледі. Әскердің ата-анасы Павлодарға шақырылды",- деді бөлім бастығы Әлім Тоққожин. Әскердің үстінен ҚР Қылмыстық кодексінің "қару алып қашу " жөніндегі бабы бойынша қылмыстық іс қозғалуы мүмкін.
Бөлімдегілердің нақтылауынша, әскердің қашқындыққа бой ұруына бөлімшедегі әлімжеттік оқиғалары себепкер деген болжам әзірге дәлелденбей отыр. Жауынгердің денесінен соққы белгілері табылған жоқ. Өзінің қашу себептері туралы тіс жармаған әскер соның алдында ғана отбасындағы жақындарына қатысты жаман түс көргенін жеткізген.
Р. ҚР Қарулы күштері қатарына 2004-жылдың сәуір айында Маңғыстау облысынан шақырылған. Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін ҚР ІІМ Ішкі әскері қолбасшысының орынбасары мен Бас әскери прокуратура өкілі Павлодарға келді.