Павлодарда жазасын өтеушілердің туыстары абақтының қоршауын құлатты

Бұл – Павлодардағы қатаң тәртіптегіАП 162/4 мекемесі. Таң атқалы мұнда жиналғандардың қарасы қалың. Сотталғандардың туыстарының айтуынша, тексеру кезінде тәртіп сақшылары жазасын өтеп жатқандарға күш көрсеткен. Ал мекемедегілер бұл шараның жоспар бойынша жүргізілетінін алға тартты. Тек соған сырттан келгендер кедергі келтіріпті.

Борис Гаврилюк, Павлодар облысы бойынша Қылмыстық атқару жүйесі департаментінің бөлім басшысы :

-Жазасын өтеушілермен жолығуға келгендер тексеру жүргізбек болған бір топ адамды көріп, осы жерде айғай-шу шығарды. Біз тексеруды әскери бөлім мамандарымен бірге жүргіземіз. Бүлік шығарған адамдар ақыры мекеме аумағындағы қоршаудың бірін құлатты. Олар осы жерде жиналып тұрып алды.

Темір тордың ар жағындағы туысын көруге келген елуге жуық адамның бірі мекеме қоршауын құлатып жатып жарақат алыпты. Жиналғандарға жағдайды түсіндіріп, сабырға шақырмақ болған күзетшілер  ақыры жедел жәрдем шақырған. Қазір АП 162/4 мекемесінде ауыр қылмысқа барған мыңнан астам адам жазасын өтеуде. Сондықтан арнайы мамандармен бірге оларды жылына бірнеше рет тексеріп тұрады екен.  


-Қатаң тәртіптегі түзеу мекемесінде тексеру шаралары әлі де жалғасып жатыр. Қазірдің өзінде сотталушылардан жиырма шақты ұялы телефон мен отыздан астам сим-карта тәркіленді. Тәртіп сақшылары әзірге ол жерден ішімдік пен есірткі тапқан жоқ.