Павлодарда жолаушы толы трамвай өртенді

Оқиға таңғы сегіздер шамасында болды. Қызыл жалынның бетін қайтаруға жеті адам мен екі автоцистерна тартылды. Болжам бойынша, трамвай автоматының сымдары тұйықталып, содан от шыққан. Киімі жанып жатса да, артқы есікті ашып үлгерген жүргізуші вагон ішінің босағанын соңына дейін күтіпті. Кейін қою түтінге тұншыға жаздап, алдыңғы терезені сындырып, әрең қарғып түскен. Адам жапа шекпесе де оқыс оқиғадан шошынып қалғандар көп. 73 жастағы мына кейуананың жүрегі сыр беріп, жедел жәрдем шақыруға тура келді. Екі қолын отқа салған трамвайдың жүргізушісін де дәрігерлер есеңгіреген күйінде ауруханаға алып кетті.


Оқиға куәгері:

-Трамвай тоқтады да, оқыс от тұтанып, түтіндеп кетті. Сосын адамдар терезелерді ұра бастады. Сол сәтте артқы есік сәл ашылып, барлығы қаша жөнелді. Жүргізуші терезені сындырып, алдынан секіріп түсті.