Павлодарда жүкті әйел полициядан қашып кетпек болды

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Sputnik.kz-ға сілтеме жасап хабарлайды.

Желтоқсан түндерінің бірінде Естай көшесінде патрульдік полицейлер 38 жастағы әйел жүргізіп келе жатқан Hyundai көлігін тоқтатқан. Полицияның мәліметінше, одан алкогольдің иісі шыққан, соған байланысты полицейлер әйелді медициналық айғақтау орнына жеткізген.

Ол жерде әйел жүрегінің ауырып тұрғанын айтып, жедел жәрдем шақыруды өтінген. Шақыруға келген медицина қызметкерлері оны тексерген соң, жүрегінде ешқандай сырқат болмағандықтан ауруханаға жатқызудан бас тартқан.

"Әйелдің жеңіл дәрежеде мас екені анықталғаннан кейін ол таксиге отырып, қашып кетпек болды. Бірақ оны полицейлер ұстады. Аталған факті бойынша Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 608-бабы бойынша әкімшілік іс қозғалды", - деді жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары Қуаныш Мұстафинов.

Павлодар қаласының әкімшілік құқық бұзушылық істері жөніндегі мамандандырылған соты әйелді 7 жылға жүргізуші куәлігінен айырды. Бірақ ол сотқа жүктілігі туралы анықтама бергендіктен, әкімшілік қамауға алынбады.


Биыл тәртіп сақшылары мас болып рөлге отырған 1462 жүргізушіні ұстады, оның 256-сы бұрын жүргізуші куәлігінен айырылып, қайтадан көлік тізгініне отырған.