Павлодарда жүздеген отбасы жаңа пәтерлеріне кіре алмай жылап жүр

-Былтыр күзде табысталуы тиіс болған бұл үй әлі күнге дейін қаңырап бос тұр. Бастапқыда мұнда жарықтың жоқтығын сылтауратқан шенеуніктер қазір тіс жармай отырған көрінеді. Ал жас отбасылар үшін баспаналы болу арман болып қала бермек.

Қайырғожиндер үш баласымен әркімнің босағасында жүр. Көптен күткен үйдің кілтін күзде ұстаймыз деп қуанған. Алайда, содан бері шенеуніктерден естіп жіргені күнде ертең деген жауап. 

Динара Қайырғожина, Павлодар қаласының тұрғыны:

-Пәтер жалдап жүрміз. Енді қаңтар айына созып жіберді, қаңтардан кейін ақпанға созды. Осы пәтеріміз расында да арман болып қалды бізге. «Қолжетімді баспанаға» қол жетпей тұр.

Осы үйден пәтер алуға үмітті қалған жұрттың да жағдайы мәз емес. Көбісі пәтер жалдап тұрады. Онымен қоса, жаңа үйдегі шаршы метрлерінің несиесін төлеуге мәжбүр. Атқамінерлер болса, өздеріне артылған жұмыстың толық атқарылғанын айтады. Тек үйді жарықпен қамтамасыз етпекші болғандар біраз кешіккен.

Сергей Звонковский, Павлодар қаласы құрылыс бөлімінің сектор меңгерушісі:

-Бұл үйге тұрғындарды әлі кіргізбеуіміздің өзіндік себебі бар. Тұрғын үйге арналған трансформаторлы станция тиісті уақытынан кеш тұрғызылды. Әр жаңа үйге жарық беретін осындай жеке  станция болуы шарт. Дәл осы үйге құрылғы кеш жекізіліп, іске қосылды.

Шенеуніктер пәтерлердің кілті екі аптадан кейін иелеріне табысталатынын айтып сендірді. Қазір тұрғын үйге жылуды да, жарықты да қосып қойыпты. Оның ақысын жұрт көшіп кіргеннен кейін төлейтін болады. Жалпы, бұл үйдің құрылысына бюджеттен 400 млн теңге бөлінген.

Loading...