Павлодарда жылусыз 150 отбасы үлкен шу шығарды

Раиса Кандалина күні-түні сырт киімін шешпейді. Азынаған үйде зейнеткердің денсаулығы да сыр бере бастапты. Енді қыс түссе мына электр құралының да пайдасы болмай қалады ма деп қорқады қария.

Раиса Кандалина, Павлодар қаласының тұрғыны:

–Көрпенің астында сырт киіммен жатамын. Электр пеш қосылып тұрған мына бөлмеден шықсақ тоңамыз. Қыс түссе үсіп өлетін шығармыз.

Жылыту маусымы елден бұрын басталатын аймақта осылайша 150-ге жуық отбасы тоңып отыр. Жұрт бұған шенеуніктерді кінәлайды. Жылу жүйелерін алдын ала қысыммен тексеруі тиіс атқамінерлер кейін уәделерін орындамай қойыпты.

Инесса Масольд, Павлодар қаласының тұрғыны:

– Жылу құбырларын қысыммен тексеруге келісімімізді беріп, тиісті құжаттарға қол қойдық. Ал көшеде жаңа жол төселгендіктен әкімдіктегілер шаруаның бәрін тындырды деп сендік. Сөйтсек, олар 150 отбасы үшін қам жемемті де.

Ал коммуналдық сала басшыларының айтуынша, тұрғындардың өздері жылу жүйелерін тексеруге кедергі жасап келген. Бірі үй маңында жылу беретін қосымша сорғыш орнатса, екіншісі құбырларды бақылауға келген мамандарды жолатпайды екен.


Асқар Шөмшеков, «Павлодарэнерго» АҚ жөніндегі бөлім басшысы:

–Бірнеше жылдан бері тұрғындардың өздері жылу тораптарына тиісіп, кедергі жасады. Тексерткізбейді. Соның кесірін кей көшелерге жылу тез барса, кейбіріне жетпей жатыр.

-Жылумен қамтитын мекеме жақын күндері бүрсең қағып отырған 150 отбасының мәселесін шешіп беруге уәде етті. Жұрттың да оларға иланудан басқа амалдары жоқ. Өйткені, орталық жылу жүйесіне қосылған бұл үйлерде пеш орнатып, от жағуға тыйым салынған.

Loading...