«Қолжетімді баспана» бағдарламасымен салынған мына үйдің қазіргі жағдайы сын көтермейді. Едені мұзға оранып, құбыры шетінен жарылып жатыр. Әлі қолданысқа беріліп те үлгермеген су жаңа үйдің бұлай аяқасты бүлінуіне шенділер жергілікті жылу компаниясын айыптап жатыр. Құрылыс бөлімі қарыз деген олар қыс ортасында жылуды ажыратып тастаған.
Ертарғын Шахман, Павлодар қалалық құрылыс бөлімінің басшысы:
-Үкімет бағдарламасының үйін кесіп тастап отыр ғой бұлар. 145 мың теңге дейді. Бірақ, біздің счет-фактурамыз жоқ. Актісі жоқ. Мен қалай оны төлеймін?!
Ал «Павлодар жылу жүйелері» компаниясының өз уәждері бар. Қарыз туралы құрылыс басқармасына бірнеше рет ескертілген. Мемлекеттік мекеменің оларға берешегі 1 миллион теңгеден асыпты.
Асқар Шөмшеков, «Павлодар энерго» АҚ бөлім басшысы:
-Құрылыс бөлімі біздің ескертуімізді ескеріп, қауіп-қатердің алдын алу шараларын қолға алған жоқ. Оның үстіне, Павлодар қаласының әкімдігі үйдің жылудан ажыратылғанын 15-ші ақпанда бір-ақ білген.
Ал, кезегін жылдар бойы күткен жұрт таяуда ғана мөрленген су жаңа нысанды көріп, бөріктерін аспанға атқан екен. Көңілдері су сепкендей басылды. 2005 жылдан бері пәтерге қажет ақшаның жартысын жинағандар енді кімге барып шағынарын білмей отыр.
Маржан Багжикова, Павлодар қаласының тұрғыны:
-Жылағым келеді. Өйткені, мен бұл сәтті ұзақ күттім. Наурызда кіргіземіз дегесін, ескі үйге жаңа жиһазды толтырып тастағанбыз. Соттасатындарын естіп, абдырап қалдық. Оның қашанға дейін созылары тағы белгісіз. Шенеуніктер мұндай бассыздыққа қалайша жол берген?
Келеңсіздікке кімнің жол бергені енді сотта белгілі болмақ. Қаланың бас құрылысшысы «баспана қашан қолданысқа беріледі» деген төтесінен қойылған сауалға «банк жауапты» деп қысқа қайырды.
-Тараптардың тартысынан енді болашақ пәтер иелері зардап шегетін сыңайлы. Себебі, жылудан ажыратылғанымен, суы ағызылмай қатып қалған құбырларды ешкімнің жөндегісі жоқ. Анығы, былтыр экс-әкім Ерлан Арын тұсауын кескен тұрғын үйге 72 отбасы жуық арада қоныстандырылмайды.