"Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ-ның бұқарамен байланыс басқармасынан хабарлағанындай, бұл желіні электрмен қамтамасыз ету "Шығыс Қазақстанда өндірілетін өнеркәсіптік шикізат көлемінің артуына, көлік шығындарын азайту есебінен бәсекелі баға бойынша көмір мен басқа да пайдалы қазбалар түрін экспортқа шығару көлемін арттыру қажеттігіне" байланысты болмақ. "Желіні электрмен қамтамасыз ету бұл учаскедегі шартты отын шығынын 1,6 есе азайтуға, поездардың жылдамдығын сағатына 3-4 шақырымға дейін арттыруға, жүк поезының орташа салмағын 550-600 тоннаға өсіруге мүмкіндік береді",- деп хабарлайды "ҚТЖ".
Павлодар-Екібастұз темір жол желісін "AES Екібастұз"ЖШМ мен Аксу ЖЭС тоқпен қамтамасыз ететін болады.
Бұл желідегі құрылыс жұмыстары 2004-жылдың шілде айында басталған. Жалпы ұзындығы 132 шақырымды құрайтын темір жол желісін тоқпен қамтамасыз ету мақсатына 6 млрд. теңге көлемінде қаржы жұмалды, ол алдағы сегіз жылда өтеледі.
Сондай-ақ, бүгін Павлодар станциясындағы темір жол бекетінің ғимараты реконструкциядан кейін ашылды. Ол 1981-жылы салынған болатын. Күрделі жөндеу жұмыстарының нәтижесінде жолаушылардың күту залының аумағы мен сыйымдылығы артып, анықтамалық таблоны іске қосу және электронды анықтамалық киосклерді ашу нәтижесінде жүргіншілерді ақпаратпен қамтамасыз ету қызметі жақсарды. Бүгінде темір жол бекетінің өткізгіштік қабілеті жылына 500 мың адамды құрайды.