Павлодарлық тұрғын көлікті есірткіге мас күйінде жүргізген

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Massaget.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Көлік жүргізушісінің баяу қимылдары, түсініксіз сөзі және үлкейген көз қарашығы оның күмәнді күйде екенін көрсетті. Жүргізілген медициналық тексеру нәтижесінде оның есірткіге мас күйінде екені анықталды.

"Тексеру барысында бұл жүргізушінің көлік құралын басқаруға құқығы жоқ екені белгілі болды. Сот шешімімен ол 2023 жылдың қаңтарында 7 жылға көлік жүргізу құқығынан айырылған. Автокөлік айып тұрағына қойылды, ал оқиғаға байланысты материал сотқа жіберілді", - дейді Павлодар облыстық полиция департаменті.

Айта кету керек, жыл басынан бері Павлодар полицейлері көлік жүргізу құқығынан айырылған және мас күйінде көлік жүргізген 96 құқық бұзушылық дерегінің жолын кескен. Әрбір оқиға бойынша тиісті тергеу амалдары жүргізіліп, заң аясында шаралар қолданылған.

Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету – ішкі істер органдарының басты міндеттерінің бірі. Сондықтан кез келген азамат есірткі немесе алкогольдік мас күйінде көлік жүргізу дерегінің куәгері болса, бұл туралы бірден "102" нөміріне хабарлауы қажет.

"Заң және тәртіп" қағидаты – азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және жол қозғалысы қауіпсіздігін сақтауға бағытталған ішкі істер органдарының негізгі ұстанымы, - деп атап өтті полиция департаментінің өкілдері.