Павлодарлық барымташылар Солтүстік Қазақстан облысынан 100 жылқыны айдап әкетті, шығын көлемі 6 млн. теңгеден асады

Тамыздың бесінен алтысына қараған түні Солтүстік Қазақстан облысы Уәлиханов ауданы Қулыкөл ауылындағы жылқы табынынан ауыл тұрғындарының иелігіндегі 100 жылқы қолды болған. Жалпы шығын көлемі 6 млн. теңгені құрады.

Тәртіп сақшыларының сауалдарына жауап берген жылқышының айтуынша, ірі қара мал түнде ол ұйықтап жатқан кезде жоғалып кеткен. Жылқышылар табынды өз бетімен іздеп табуға талпыныстар жасағандықтан, ұрлық туралы тәртіп сақшыларына бір тәуліктен кейін ғана хабарлаған.
Осы оқиғаға байланысты құрылған шұғыл тергеуші топ шекаралас Павлодар және Ақмола облыстары мен көршілес ауылдарды тексере бастады. Іздестіру жұмыстарына бірнеше күн кетті. 10-тамызда Уәлиханов аудандық ІІБ қызметкерлері Ертіс өзенінің Павлодар облысы аумағындағы бір шағын аралынан жоғалып кеткен жылқыларды тауып алды. Жылқышылар өз малын таныды. Көп кешікпей барымташылар да қолға түсті. Мал ұрлаушылар - Павлодар облысы Ақсу ауданының төрт тұрғыны болып шақты. Олардан "Сайга" винтовкасы мен қолдан жасалған тапанша тәркіленді.
Қазір үш жылқыдан өзге бүкіл түлік заңды қожайындарына қайтарылды.
Солтүстік Қазақстан облысында жылқы құны орта есеппен 70-100 мың теңге тұрады.