Павлодарлық тәртіп сақшылары сақтау қоймасын тексеру барысында айғақзатты ауыстыру дерегінің бетін ашты

"Бұрынғы жылдардағы бір қылмыстық іске қатысы бар айғақзатты тексеру барысында қызметкерлер полиэтилен дорбаның түбі қарапайым тәсілмен күйдіріліп жапсырылғанын анықтаған. Мұны арнаулы сараптама да дәлелдеді" ,- деді ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі Жанна Біләлова.

Сонымен бірге сарапшылар дорбада салмағы 100 грамм героиннің орнына сода (натрий гидрокарбонаты) мен ас тұзы (натрий хлориді) салынғанын анықтады.

Бұл дерек бойынша Павлодар облыстық ІІД-нің тергеу басқармасы ҚР Қылмыстық кодексінің 260 бабы, 3 тармағы, "б" тармақшасы бойынша (аса ірі көлемде есірткілік немесе психотроптық заттарды ұрлау немесе бопсалау) қылмыстық іс қозғады.

Баспасөз қызметінің хабарлауынша, қазір қызметтік тексеру жүргізіліп жатыр. "Айғақзат сақтау қоймасында 2001-жылдан бері тұрғандығын, өткен 6 жылда қойма үшін жауап беретін екі адам ауысқанын, айғақзаттарға қатысты қадағалау шаралары қазіргімен салыстырғанда мүлдем нашар болғандығын ескергенде, кінәлі адамды табу қиын", - деді Ж. Біләлова.

Ал қазір қылмыстық істі тергеу басқармасынан Павлодар облыстық ІІД-нің ішкі қауіпсіздік басқармасына беру жайы шешілуде.

Департамент басшылығы бірақ қылмысқа қатысы барлар міндетті түрде табылады деп сендіруде.


Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті