Ойын маусымының басынан бері шешімін таппаған қаржыландыру мәселесі өңір құрамасын әбден титықтатып біткен. Демеушілер қаржы бөлмесе, әкімдік құрғақ уәдеге тойдырумен келеді. Тоса-тоса төзімі таусылған «Павлодар» волейболшыларының басшылығы бүгін түйткілді сұрақты тілшілерге жайып салды.
Арман Қалиев, «Павлодар» ВК әкімшісі:
- Осы жылдың маусым айынан бастап біздің командаға зарплата төленбей жатыр. Сол себептен сырттағы ойындарға шыға алмай отырмыз. Әкімдік назар аудармай жатыр.
Ал көк тиынсыз жаттығып жүрген жігіттер жарты жылдай командалық жігердің арқасында жасымай келеді. Дегенмен құраманың тең жартысын құрайтын отбасылы ойыншылар үй-ішімізге масыл болдық деп ашынады. Олардың арасында легионерлер де бар. Биылғы ел кубогында қоланы місе тұтқан спортшылар ақтық мәреге жетпей сүрінгендерін қолдаудың болмағанымен байланстыруда.
Алексей Ютвалин, «Павлодар» ВК легионері:
- Ештеңеге мойымай, үздіксіз жаттығудамыз. Жақында ел кубогына барып үшінші орын алып қайттық. Бірақ төзімнің де шегі болмай ма?!
Команда бапкері көктемнің ортасында-ақ бұл мәселені ортаға салған еді. Бірақ, сол бойы жағдай жақсарудың орнына нашарлай түскен. Спортшылар жергілікті биліктен де көмек сұраған екен. Алайда, олардан да қайыр болмай тұр.
Марат Айдашев, Павлодар облыстық Денешынықтыру басқармасының басшысы:
- УЕФА мен ФИФА-ның регламентінде қоғамдық ұйымдарға мемлекеттік орындардың араласпауы баса айтылған. Біз олардың қызметін реттей алмаймыз, біз оларға тек қолғабыс ете аламыз.
Қалай дегенмен де, волейболшылардың жағдайы таяу күндері облыстық мәслихатта сөз етілмек. Іссапар мен сырттағы жарыстарға бөлінетін қаржы мәселесі де сол жиында талқыланады. Ал «Ертіс» аяқдопшыларына уәде етілген қарыз келесі аптаға дейін қайтарылуы тиіс.