Оның Палестинадан, Газа секторынан деп салған фото, видеолары өзінікі емес, басқа біреулердікі болып шыққан, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
Оңғар Қабденннің парақшасындағы ақпаратқа сүйенсек, ресейлік белсенді Марго Гусейнова мен оның шымкенттік әпкесі Рано Тәжібаеваның түсірген кадрлары екені белгілі болды. Перизат өзі ол жаққа бармаған. Ал, Түркиядағы зілзалада түсірілген кейбір суреттерді Газа секторынан деп ұрып жіберген.
Марго Гусеиноваға біреулер "сендердің Палестинадан салып отырған фото отчеттарыңды Перизат пайдаланып жатыр" деп айтқан.
«Перизат жобамыздың деректерін мәтінмен қамтып, біздің есебімізді өз есебіміздей пайдаланды. Біреу оның әрекеті туралы ақпаратты айтқаннан кейін ол маған жекеме хабарласты. Перизат өз әрекетін түсіндіруге тырысты, бірақ оның пайдасыз екенін түсіндірдім. Мен оған жай ғана сұрақ қойдым: «Палестиналықтар жеп қойған біздің шелпек қайда кетті?» Одан Газадан салған біздің суреттерімізді алып тастауын өтіндім. Ол өзін ақтауға тырысты, бірақ бәрібір суреттерді өшірді. Қасиетті Рамазан айы болғандықтан мен оны кешірдім», - деп түсіндірді Гусейнова Instagram желісінде.
Перизат палестиналықтардың одан көмек сұрағаны туралы видео жариялады.
«Мен кеткеннен кейін Газа секторының тұрғындары мен туралы естіп, мені іздей бастаған. Олар Азиядан, дәлірек айтсақ, Қазақстаннан келген ерікті бар екенін білді. Қазақстаннан келген мұсылман бауырларымызға жылы лебіз, дұға-тілектермен ризашылықтарын білдіруде. Олар ақшалай көмек сұрамайды, тіпті соғысты тоқтатуды да сұрамайды. Олар тек азық-түлікпен ғана көмектесуін сұрайды. Көріп отырғаныңыздай, жазба 2024 жылдың 16 наурызында жазылған. Бүгін Палестинадан осындай сәлемдеме алып, үшінші сағат жылап отырмын», – деп жазды Перизат Қайрат 2024 жылдың 18 наурызында.
«Бұл 17 наурызда жарияланған менің видеом және 18 наурызда ол оны өз сайтында жариялады. Бейшара қыз, ұрланған видеоға үш сағат жылады. Жарияланған күнін көреді, бірақ басқа біреудің атын байқамайды ма?- деп жазды белсенді Рано.