"Петиция, пікірталас және билік ұстанымы": Жануарларға қатысты резонанс тудырған заңға Президент араласты

Елімізде «жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заңға енгізілетін түзетулер қоғамда кең әрі қызу талқылауға ұласты. Мәжіліс депутаттары ұсынып отырған өзгерістер қаңғыбас және қараусыз қалған жануарлардың санын реттеу тетіктеріне тікелей қатысты. Сондықтан мәселе заң аясынан әлдеқайда тереңде жатыр. Caravan.kz медиа порталының тілшісі жалғастырады. 

Ұсынылып отырған түзетулерге сәйкес, жануарлар санын реттеу үшін эвтаназия рәсімін енгізу және ұсталған жануарларды табиғи ортасына қайта жіберуге тыйым салу қарастырылған. Демек, уақытша ұстау пункттеріндегі мерзім қысқартылады: қаңғыбас иттер үшін 5 күнге дейін, ал қараусыз қалған жануарлар үшін 60 күнге дейінгі мерзім ұсынылып отыр. Осы мерзім ішінде жануар иесі табылмаса, эвтаназия қолдануға рұқсат етілмек.

Сондай-ақ, иесіз жануарларды мемлекеттік бюджет есебінен вакцинациялау нормасы алып тасталады. Заң шығарушылардың пікірінше, бұл мемлекеттік қаржыны «басымдық берілген міндеттерге» бағыттау арқылы «тиімді және рационалды» пайдалануға мүмкіндік береді.

Жануарлар санын реттеу шараларымен қатар, жаңа түзетулер иттердің иелеріне қойылатын талаптарды күшейтеді. Енді үй жануарларын чиптеу міндетті болады, сондай-ақ жануарларды тек тіркеуі болған жағдайда ғана көбейтуге рұқсат етіледі. Заңның терминологиялық аппаратына «ұстау қызметтері» және агрессия жағдайларына «шұғыл әрекет ету шаралары» деген ұғымдар енгізілді. Ашықтықты қамтамасыз ету үшін қоғам өкілдеріне жануарлардың панажайлары мен уақытша ұстау пункттеріне баруға мүмкіндік беріледі.

Дәл осы уәж қоғамдағы ең үлкен қарсылықтың себебіне айналды. Жануарларды қорғаушы блогер Темірлан Тоспаев осы тақырыпты тұрақты түрде көтеріп жүрген, әлеуметтік желілерде белсенді позициясымен танылған азамат. Оның қызметі жануарларға қатысты қатыгездікке қарсы күрес пен гумандық қағидаттарды насихаттауға бағытталған.

Ол заң жобасы қызу талқылана бастаған сәттен бастап аудиторияға ұсынылып отырған өзгерістердің мазмұнын, ықтимал салдарын жан-жақты жеткізіп, қоғамдық назарды осы мәселеге аударды. Үндеуінде Мемлекет басшысын жануарларға қатыгездік жасауға жол ашуы мүмкін нормалардың қабылдануына жол бермеуге шақырған еді. 

Кейін ол аталған нормаларға қарсы петиция жариялады.

Бұл бастама қысқа уақыт ішінде үлкен қолдауға ие болды. Қазіргі таңда петицияға 100 мыңнан астам қазақстандық қол қойған, әрі бұл көрсеткіш күн сайын артып келеді. Яғни, қоғамның белгілі бір бөлігі ұсынылған өзгерістерді тиімді әрі ұзақ мерзімді шешім ретінде қабылдамайтынын айқын көрсетеді. 

Темірлан Тоспаевтың айтуынша, петиция аясында жиналған барлық деректер мен дауыс беру статистикасы заң талаптарына сәйкес уәкілетті мемлекеттік органдарға ресми түрде жолданады. Оның пікірінше, мұндай қадам қоғамның ұстанымын институционалды деңгейде жеткізуге және шешім қабылдау процесінде ескеруге мүмкіндік береді.

«Бұл өзгерістер мәселенің түпкі себептерін жоймайды және оны ұзақ мерзімді тұрғыда шешпейді деп есептейміз. Сондықтан, құрметті Президент, осы нормалардың қабылдануына жол бермеуді және оларға жан-жақты баға беруді сұраймыз. Сонымен қатар, жануарлар санын реттеудің адамгершілікке негізделген әрі тиімді балама тәсілдерін қарастыруды және қолдауды өтінеміз. Өйткені жануарларға деген көзқарас - мемлекеттің жауапкершілігі мен оның қандай даму жолын таңдайтынын көрсететін маңызды көрсеткіш», - деп жазды ол әлеуметтік желідегі парақшасында. 

Резонансқа ұласқан мәселеге Президент Қасым-Жомарт Тоқаев араласты. Ол Астанада өткен «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының белсенділері алдында сөйлеген сөзінде қаңғыбас иттер мәселесіне арнайы тоқталды. 

Президент үй жануарларын тиісті деңгейде күтпеу және оларға қатыгездік көрсету мәселесіне ерекше назар аудару қажет екенін атап өтті. Президенттің айтуынша, жануарларға жауапкершілікпен қарау мәдениетін күшейту қажет. Әсіресе үй жануарлары адамдардың салғырттығының құрбаны болмауы тиіс. 

Мемлекет басшысы Үкіметке жануарларды тиісінше ұстамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікті қатаңдатуды, ал оларға қатыгездік көрсеткендерге қатысты қылмыстық жауапкершілікті күшейтуді тапсырды.

Сонымен қатар, ол қаңғыбас жануарлар мәселесінің түпкі себебін адам факторымен байланыстырды:

«Шын мәнінде, қаңғыбас иттер мәселесінің түпкі себебі адамның немқұрайдылығында және салғырттығында жатыр.  Кей азаматтар әуелде жануарды асырап алып, кейін жауапкершіліктен қашып, оны көшеге тастап кетеді. Соның салдарынан қаңғыбас иттер көбейіп, балалар мен ересектерге қауіп төндіретін жағдайлар жиілеп отыр. Мұндай әрекеттердің жолын кесу қажет. Арнайы панажайлардың жұмысын қоғам тарапынан жүйелі бақылауға алу керек, бірақ бұл тек “хайп” үшін емес, нақты нәтиже үшін жасалуы тиіс», — деді Президент.

Президент өз сөзінде теңгерімді тәсілдің маңыздылығын да ерекше атап өтті. Бір жағынан, жануарларға деген гумандық қатынасты қалыптастыру, екінші жағынан, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажет.

Оның айтуынша, соңғы жылдары қаңғыбас иттердің адамдарға, оның ішінде балаларға шабуыл жасау жағдайлары жиілеп кеткен. Бұл жағдай қоғамда алаңдаушылық туғызып, мемлекеттік деңгейде кешенді шешім қабылдауды талап етеді. 

«Жалпы, қаңғыбас иттерге жанашырлық таныту  қоғамды қарама-қарсы лагерьлерге бөліп, өзара араздық туғызудың себебі болмауы керек. Қазір балалар мен ересектер қаңғыбас иттердің құрбанына айналып жатқаны рас. Мұндай деректер өңірлерден тсүіп жатыр. Сондықтан аталмыш жағдай мемлекет пен қоғамның араласуын, соның ішінде Парламент тарапынан заңнамалық тұрғыда шешім қабылдауды талап етеді», — деді ол.

Сонымен бірге Мемлекет басшысы жануарларға қатысты қатыгездікке мүлде төзбеушілік таныту қажет екенін баса айтты. 

«Қорғансыз жануарларға жасалатын қатыгездікке, оның ішінде бұрын үй жануары болған жандарға көрсетілетін озбырлыққа жол беруге болмайды. Мұндай әрекеттерге барғандарды, яғни қатыгез адамдарды, варварларды қылмыстық жауапкершілікке дейін тарту қажет», — деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.