Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, Солтүстік Қазақстан облыстық көлік прокуратурасы "Петропавл халықаралық әуежайы" АҚ-дағы еңбек заңнамасының сақталу жайына жоспардан тыс тексеру жүргізген.
"Тексеру барысында "Қазақстан Республикасындағы еңбек туралы" заңның 76-бабы мен ҚР "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" кодексінің 319-бабын өрескел бұзу оқиғалары анықталды. Бұл азаматтардың атқарған еңбегі үшін сыйақы алу және әлеуметтік жеңілдіктер мен міндетті зейнетақы аударымдарына ие болу жөніндегі конституциялық құқығына қайшы келеді",- деп хабарлайды баспасөз қызметі.
Бас прокуратураның атап көрсетуінше, "кәсіпорын қызметкерлеріне жалақы берешегі 2006-жылдың қараша айы мен 2007-жылдың наурызы аралығында 7 млн 600 мың теңгеге жеткен".
Солтүстік Қазақстан облыстық көлік прокуратурасының шағымы бойынша Петропавл қалалық сотының шешімімен "Петропавл халықаралық әуежайы" АҚ-ынан берешек толық көлемде өндіріп алынды.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті