Петропавл ауруханасына осында орналасқан әскери бөлімшеде оқ тиіп жарақаттанған әскер жатқызылды

Науқастың ауру тарихына қарағанда жігіт тікелей қызмет барысында жараланған. Жігіттің айтуынша, ол бөлімшеде белең алған өктемдікке наразылық білдіру үшін өз аяғын өзі атып жіберген.

Әскери бөлімшенің басшылығы қандай да бір түсініктеме беруден үзілді-кесілді бас тартуда. Болған оқиғаның нақты себептері әдетте заң бойынша 10 күн берілетін қызмет бабындағы тексеруден кейін белгілі болмақ. Осыдан 1 жыл бұрын Маңғыстау облысынан аталмыш бөлімшеге әскерге шақырылған 19 жастағы әскердің айтуынша, мұндай көзсіз қадамға ол төтенше ашыну салдарынан барыпты. Сол күні жігіт басқа да өзі секілді әскерлермен бірге күзетке шыққан. Қарауылда тұрған 3 сағаттан кейін байланысқа дер кезінде шыға алмаған. Соның кесірінен оған тағы бір кезекшілік уақытқа қарауылға шығу жазасы жүктеледі. Бұған қарсылық ретінде ол өзіне қол жұмсады.
Б.Халықовтың айтуынша, науқас бүгін орташа ауыр халде. Ол дәрігерлердің бақылауына алынған.