Петропавл қалалық соты "Маңғыстаумұнайгаз" АҚ-ның "Аль-Фараби" ЖШС-іне қарсы шағымы бойынша екінші мәрте ақтау туралы үкім шығарды

Үлкен көлемдегі ақшаны жымқырып, соңынан оны заңдастырып алды деп айыпталған "Аль-Фараби" ЖШС директорлар кеңесінің төрағасы Қанат Дүйсенбаевтың іс-әрекетінен қылмыстық құрам табылмай, сот ақтау туралы үкім шығарған.

Бұл осы іс бойынша қалалық соттың осымен екінші шығарған шешімі. 2002-жылдың 26-желтоқсанындағы ақтау туралы бірінші үкімді облыстық соттың қылмыстық коллегиясы қуатсыз етіп, істі екінші қайта тексеруге жіберген болатын. Алғашқы сот отырысына дейін Қ.Дүйсенбаев 9 ай тергеу қапасында отырса, "Аль-Фараби" ЖШС-нің директоры Болат Жандығұловқа іздеу жарияланды.
"Маңғыстаумұнайгаз" АҚ мен "Аль-Фараби" ЖШС 1996-жылдың ақпаны мен 1997-жылдың сәуір айында Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің кепілдігі бойынша 500 млн. теңгеге жанар-жағармай сату туралы келісім шартқа қол қояды. Петропавлдық фирма бұл жанар-жағармайды облыстағы шаруашылықтарға сатып, олармен баспа-бас астық айырбасымен есептескен. Алдын-ала тергеу қорытындысы бойынша, жанар-жағармай құнына астық және көп мөлшерде ақша тапқан "Аль-Фараби" ЖШС тауар күйінде алған несиені жабуға тым асықпай, "Маңғыстаумұнайгаз"-бен жарым-жартылай ғана есептескен. Ал тапқан пайдасының басым бөлігін ірі кәсіпоырндардың акциясын сатып алу, жалтырақ шетелдік көліктер сатып алу, серіктестік қызметкерлеріне жоғары көлемде сыйақылар тағайындау жолымен фирманың пайдасына жұмсап жіберген.
Алайда сот, алдын-ала тергеу және сот талқылауы барысында "Аль-Фараби" ЖШС-нің ауылшаруашылығы өнімін өндірушілермен жанар-жағармай үшін есеп айырысқандығы толыққанды дәлелденбеген деп тапты. Ал серіктестік сатқан астық бағасының ішінде басқа да азаматтық құқық субьектілерімен арадағы шарт бойынша алынған қаржы да бар. "Айыптаушы органдар сотқа алаяқтық оқиғасының субьективтік жақтарын дәлелдейтін нақты дәйектер келтіре алмады",- деді судья Владимир Сырбу сот үкімін оқу барысында. Керісінше, "Аль-Фараби" ЖШС-нің директоры Болат Жандығұлов өз әріптестеріне алған жанар-жағармайдың орнына бидай, сұлы, ауылшаруашылық техникасы және бағалы қағаздармен есеп айырысуды ұсынса да, бұл ұсыныстан бас тартылған. Бұның сыртында, екі фирма арасындағы алашақ-берешектің нақты көлемін тергеу де, сот та бұлтарыссыз анықтай алмаған.
Соттың анықтауынша, "Маңғыстаумұнайгаз" АҚ мен "Аль-Фараби" ЖШС арасындағы келісім шарт мерзімін ұзарту жөніндегі ұйғарымға сәйкес, өзара міндеттемені орындау мерзімі "Аль-Фараби" ЖШС мен ауылшаруашылығы өнімін өндірушілер арасындағы есеп айырысу процессі аяқталғанға дейін жалғасады деп көрсетілгендіктен шарт мерзімі күні бүгінге дейін жалғасады деген сөз.
Сөйтіп, қалалық сот Қанат Дүйсенбаевтың іс-әрекетінде қылмыстық құрам жоқ деп тауып ақтап шығарды. Ал жалпы алғанда Қанат Дүйсенбаевқа ҚР Қылмыстық Кодексінің 173-бабының 3-тармағы, 193-бабының 3-тармағы, 177-бабының 3-тармағы бойынша айып тағылған болатын. Сонымен қатар Қанат Дүйсенбаев өзін заңсыз қылмыстық жауапершілікке тартуға байланысты шеккен зардабын өтетіп алу құқығына ие болды.