Петропавл тұрғындары дәмхана құрылысына қарсы шықты

Бұл жиынды тұрғындар мен кәсіпкердің қарша бораған шағымдарынан шаршаған учаскелік инспектор ұйымдастырыпты. Бірақ оның екі жақ мәмілеге келсін деген ниетінен түк шықпады. Талай жыл уыстарына түспеген іскер әйелді тұрғындар түтіп жей жаздады.

-Енді қандай уәде беруім керек .

Татьяна Чекунова қаланың қақ ортасындағы мына жерді 2006 жылы сатып алыпты. Алғашында жанындағы үйге жапсарластырып дәмхана тұрғызғысы келген. Алайда ел оған қарсы шығып, ғимараттан бір метрге қашықтау етіп салмақшы болған. Бірақ тұрғындар бұған да көнбеді.

Сәуле Сәдуақасова, Петропавл қаласының тұрғыны:

-Сусыз қаламыз, үйдің маңайынан өте алмаймыз. Байларды ылғи қолдайды , ал қарапайым адамдарды  қолдау керек қой.Бізге арақ ішетін у-шу керек емес.

Тұрғындардың сусыз қаламыз деуі бекер емес. Бір метр алшақтаса  да, кәсіпкер барлық коммуникацияны осы үйден алмақшы. Қазірдің өзінде  ғимараттың іргетасы тесіліп, жарық желілері  тартыла бастапты. Тұрғындар енді үйіміз құлап үйіндінің астында қаламыз ба деп алаңдаулы. Кәсіпкер болса жұмысын заңды түрде жүргізіліп жатқанын айтады.

Татьяна Чекунова, кәсіпкер:


-Барлық коммуникация қалалық желілерден тартылады.  Мұндай қызмет көрсететін мекемелердің оған қай жерден қосылатыны  маған белгісіз. Ол өздерінің құзырында. Мен сіздердің үйлеріңізден заңсыз ештеңе де алғалы тұрған жоқпын. Бәріне құжатым бар.

Тілші:Заңға сай үш жыл бойы игерілмеген жер мемлекет меншігіне өтуі тиіс. Ал бұл жер 8 жылдан бері бос жатыр. Сондықтан жергілікті атқамінерлер оны кері қайтару үшін әрекет жасап көрген екен. Бірақ нәтижесіз.   

Серік Нұрмағамбетов, Петропавл қалалық жер қатынастары бөлімінің сектор меңгерушісі :

-Сот болды. Өйткені біз қала әкімінің жер телімін бөлу туралы қаулысының күшін жойғанбыз. Бірақ сот істі кәсіпкердің пайдасына  шешті. 

-2006 жылы облысты Тайыр Мансұров басқарып тұрғанда, көпқабатты үйлердің көбінің аулалары осылайша жеке меншікке сатылып кеткен еді. Оның кеткеніне көп уақыт болса да, осы аулаларға қатысты дау әлі күнге дейін бітер емес. Енді тұрғындар ара-тұра осылайша сол кездегі шенеуніктерден жер сатып алғандарға қарсы наразылықтарын білдіріп жүр.