Арасында 5 жасар бала да бар бұл қылмыс 2007 жылдың 18 қарашасында Солтүстік Қазақстан облысының Уәлиханов ауданының ауылдарының арасындағы жол бойында орын алған. Бұрын сотталған 21 жастағы Виталий Ярмуратий, 30 жастағы Мұрат Бердібек, сондай-ақ, Ярмуратидің кәмелеттік жасқа толмаған інісі Геннадий Логвиненко кесікпен және аңшы мылтығымен қаруланып алып, жолда кетіп бара жатқан "Москвич" көлігін тоқтатқан. Көлік тоқтағаннан кейін оның ішінде болған екі әйел, екі еркек пен бес жастағы қыз баланы өлтірген. Қарақшылар көлікті жағып жіберген. Сондағы олардың тапқаны бірнеше алтын және күміс бұйымдар.
Қоғамда үлкен шу тудырған қылмысты ашуға полицияның үздік күштері жұмылдырылды. Сот процесінде мемлекеттік айыптау жағын Солтүстік Қазақстан облысының прокуроры Хамит Бекішев атқарды. Нәтижесінде Ярмуратий мен Бердібек өмір бойы бас бостандықтарынан айырылып, Логвиненко қатаң тәртіптегі колонияға 12 жылға жіберілді.