Петропавлда алаяққа алданған мүгедек пәтерінен қуылып жатыр

41 жастағы Александр Корчагин ер болсам да еңіреуден ұялмаймын дейді. Осыдан жеті жыл бұрын танысы банктен оған 5 млн теңгедей несие алдырған. Мүгедекке анасынан мұраға қалған мына екі бөлмелі пәтерді кепілге қойдырыпты.

Александр Корчагин, екінші топтағы мүгедек:
-Ол маған ақшаны бір айналыдырып алып, несиені қайтарам. Ал үстінен түскен пайдаға сенің аяғыңды емдетемін деп уәде берді.

Сөйтіп танысы несиені төлеуден бас тартқанда, Александр полицияға арызданыпты. Тергеу барысында алаяқтың тағы 8 адамды 24 миллион теңгеге алдап соққаны анықталған. Сот оны 5 жылға түрмеге тоғытты.  Енді сол соттың шешіміне сай өзін алаяқтың құрбаны болдым деген мүгедек банктен пәтерін қайтаруды талап етіп жүр.

Ольга Маслакова, адвокат:
-Петропавл қалалық соты алғашқыда  мүгедектің осы жылдары төлеп келген 3 млн теңгесін жалпы қарыздан шегді. Банкке тек 2 миллион теңге төлесін деп шешім шыққан. Алайда оған банк келіскен жоқ. Енді облыстық сот мүгедек
қарызды түгел яғни, 6 миллион теңге төлесін деп үкім шығарған.  

Мұндай ақша айына 25 мың теңге ғана алатын жарымжан азаматта мүлде жоқ. 7 жылда ол бар жиған тергенін банкке айына 60 мың теңгеден беріп келген. Бірақ төлеу қабілеті жоқ мүгедекке несие ресімдеген банкирлер де алған беттерінен қайтар емес.

-Қазір екінші топтағы мүгедек кассациялық сотқа шағым дайындап жатыр. Алайда бұл сотқа да сенбей отырған ол, пәтерімнен айырылсам, қаладағы қаңғыбастардың қатарын толықтырамын ба деп қорқады.