Петропавлда бүтін көше жекеменшікке өтіп тұрғындар тура рельстің үстімен жүруге мәжбүр

- Ұста деймін, ұста Мәдина....

Қарындасын арғы бетке көтеріп өткізіп жатқан  Асанәлі  былтыр да мектепке тура осылай қатынағанбыз дейді. Қыстыгүндері темір қоршауға мұз қатып қалғанда, баланы құлатып алар деп алаңдайтын анасы  оларды  тура темір жолдың бойымен мектепке жібереді екен.    

- Ресейдің оңтүстік орал темір жолына қарайтын Петропавл станциясы пойыз тым көп қатынайтын желілік бекет саналады.  Мұнда күніне жүздеген вагондар әрі бері өтеді. Солардың арасынан жүгіріп өтіп мектепке қатынайтын  балаларды тәртіп сақшылары пойыздың астына түсіп  қалмасын деп  қуады екен.

Ахременко деп аталатын көше кезінде  мына үш барақта тұратын 12 отбасын орталықпен байланыстыратын. Бірнеше жыл бұрын  шенділер көшенің қақ ортасын жеке меншікке беріпті. Кәсіпкер оны темірмен қоршап, халықтың орталыққа қатынауын қиындатқан. Амалы құрыған халық көрші тұрған  темір жол емханасы арқылы өтіп жүріпті.  Енді бұл мекеме де өз  аумағын дәл осылай қоршап, тұрғындарды өткізбей қойған.

Бибігүл Малкенова, Петропавл қаласының тұрғыны:

- Осы теміржолдың үстімен өтеміз. Көпірге мініп түсуге қорқасың. Күнде көретіміз осы. Үйден жарты сағат бұрын шығамыз. Балалар жылайды қалып қоямыз деп.

Жұрт осы жағдайды айтып бармаған жеріміз жоқ дейді. Олар не бетон қоршау алынсын, не темір жолға қарасты емхана  бізге өз аумағы арқылы өтуге рұқсат берсін деп отыр.


Сәуле Ғабдуллина, Петропавл қаласының тұрғыны:   

- Жерді кім береді, жолды кім жауып тастайды? Жолды қалай жекеге беруге болады? Барлық қағаздарымыз бар мінекей.  

Қала сәулетшісі мен жер қатынастары бөлімінің мамандары жағдайды өз көздерімен келіп көрді. Бірақ тығырықтан шығар жол таппады ма, бізге түсініктеме беруден  ат тондарын ала қашты.

- Ештеңе айтпаймын. ...

Биылғы қыркүйекке дейін шенеуніктер тым құрығанда аурухана арқылы өтетін жолды ашқызбаса,  тұрғындардың жағдайы одан бетер қиындағалы  тұр. Ресейге қарасты темір жол бекеті  жуырда  мұнда шлагбаум орнатып  қойыпты.  Бұған ашынған жұрт қыркүйекте балаларды мектепке жібермейміз деп отыр. Қара танымаса танымасын, көз алдымызда аман-есен жүрсе болғаны, - дейді.