Петропавлда директор жалған студенттерді оқуға қабылдап стипендиясын қалтасына басып келген

70 жылдан асатын тарихы бар бұл мемлекеттік колледжде қазір 300-дей бала құрылыс мамандықтарына машықтанып жатыр. 9 бен 11-ші сыныпты бітіріп, оқуға келгендер өз араларында тағы 30-ға жуық адамның өтірік білім алып жатқанын мүлде білмеген. Жалған студенттер жақсы оқығаны үшін ай сайын  12 мың теңге шәкіртақы алып келіпті. Ал кітаптан көз алмайтын мына балалардың тек үштен бірі ғана стипендия алады екен.

Мен стипендия алмаймын.

Өйткені бағаларым 3

Стипендия керек па?

Әрине.

Жалған студенттерді белгілеп, оларға тек 4 пен 5 деген баға қойып келген ұстаздар да жазасын алатын болды. Тексеру барысында колледж директоры Жеңіс Бабжанов оқу орнынан қосымша 2 топ ашу туралы бұйрық шығарғаны да әшкереленді. Алайда бұл топтарға студенттерді конкурспен емес, тамыр- таныстықпен қабылдаған.

Нұрлан Сапаров, Петропавл қаласы прокурорының көмекшісі:

-Директор өзге жерде жұмыс істеп жүрген 26 адамды оқуға қабылдауға бұйрық берген. Оларға шәкіртақы да тағайындаған. Ақша ай сайын карточкаларына түсіп отырған. Тергеу барысында олар ақшаны өзіміз жұмсадық , директормен бөліскен жоқпыз деп оған шаң жуытпады.  

Жалған студенттердің арасында аудандарда қызмет етіп жүрген мұғалімдер мен банкирлер де бар. Тіпті осы коллеждің аула сыпырушысы мен  60-ты алқымдаған күзетшісі де студент ретінде тіркеліпті.


Розалия Валишина, колледж директорының міндетін атқарушы:  

-Бұған қатысы бар, яғни студенттердің жоғын біле тұра баға қойған мұғалімдер де жазасыз қалмайды. Нендей шара қолданатынымызды алда шешеміз.

Қазір былыққа белшесінен батқан Жеңіс Бабжанов қызметтен қуылып, оған қатысты қылмыстық іс қозғалды. Тексеру нәтижесінде оның мемлекетке 2 миллион теңгеден астам шығын келтіргені анықталды. Тағы жарты миллион теңгені директор мүлде өткізбеген сабақтарына жалақы ретінде алып келіпті.

-Құзырлы орган қазір өңірдің барлық  арнаулы орта білім орындарын тексеріп жатыр. Дәл осындай былықтар тағы үш колледже анықталған. Онда да оқу орындарының басшылары жалған студенттерді оқуға қабылдап, шәкіртақыларын қалталарына басып келген. Енді олардың барлығы да сотқа сүйретіліп, он жылға дейін бас бостандықтарынан айрылуы мүмкін.