Петропавлда қымбат көлікпен жүретін полицейлердің пара алуы генералдың түсінбестігін туғызды

Петропавл қалалық Ішкі істер басқармасы басшыларының бәрі дерлік генералдың алдында бастарын көтере алмай күмілжіді. Өйткені қарамағындағы 2 капитан қылмыстық істі жабу үшін күдіктіден 100 мың теңге талап еткен екен. Парақорлар ақша алып жатқан жерінде ұсталыпты.  

Әрі екеуі де тәртіп сақшыларының отбасынан шыққан. Капитан Ербол Шайыновтың әкесі тіпті аудандық Ішкі істер бөлімінің бастығы. Ұлына Прадо мінгізіп қойған әкесі қазір ауруханада жатыр.   

Серікжан Жолдыбаев, СҚО ІІД ішкі қауіпсіздік басқармасы  бастығының орынбасары:

-Қымбат  автокөлікпен жүріп, осындай 100 мың сомасында пара алуын біз түсінбей отырмыз. Бұл қызметкерлердің айлықтары бар, жабдықталған, сондай көлемдегі ақша пайда әкеледі деп ойламаймын. Өзімізге де түсініксіз болып отыр.

Көлігінің бір айлық жанармайына да жетпейтін ақша дәметкендердердің өздері қазір абақтыға тоғытылған. Ал жол ережесін бұзған жүргізушіден 20 мың теңге талап еткен Есіл аудандық ішкі істер басқармасының қызметкері Дархан Әбілев кепілдікпен босатылыпты. 


Берік Біләлов, СҚО ІІД бастығы:

-Өткен жылдың соңында 100 миллион теңгені сыйақыға бөлдік. Басқа облыстарда ол да жоқ. Көліктерің бар, киіммен қамтылғансыңдар, не жетпейді сендерге?

Ақыры үш парақор үшін түрлі деңгейдегі 4 бастық қызметінен алынып, 20- ға  жуық тәртіп сақшысына қатаң сөгіс берілді. 

Loading...